Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Әлкей Марғұлан ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің өзекті мәселелерін талқылады. Жиында ауыл халқы атқарылған жұмыстарға ризашылық білдіріп, көкейдегі сауалдарын ортаға салды.
Кездесу барысында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – жол жағдайы болды. Тұрғындардың айтуынша, ауылға кіреберіс 5 шақырымдай жол жөндеуді қажет етеді. Өз кезегінде қала басшысы бұл мәселенің өзекті екенін атап өтіп, биыл жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отырғанын жеткізді. Қаржыландыру қарастырылған жағдайда келесі жылы жөндеу жұмыстары басталмақ.
Жиында ауылдың даму әлеуеті де назардан тыс қалмады. Әкімнің айтуынша, Әлкей Марғұлан ауылы ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамытуға қолайлы. Елді мекеннің Сәтбаев атындағы каналға жақын орналасуы суармалы егіншілікті дамытуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты алдағы уақытта аумақты кешенді дамыту бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда.
Кездесу барысында қалалық мәслихат депутаты Жанат Ибраев ауыл маңында орналасқан «Fonet Er-Tai AK Mining» кәсіпорнына қатысты мәселені көтерді. Бүгінде мұнда еліміздің әр өңірінен келген жас мамандар вахталық әдіспен еңбек етуде. Осы ретте ауылда қызметкерлерге арналған тұрғын үй салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл бастама мамандардың отбасымен қоныстануына және елді мекеннің дамуына оң ықпал етуі мүмкін.
Өз кезегінде қала әкімі вахталық жұмыс тәсілінің өзіндік ерекшеліктері барын атап өтіп, басты назар инфрақұрылымды дамытуға бағытталғанын жеткізді. Қазіргі таңда Екібастұзда инженерлік және коммуналдық желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жаңа өндірістерді іске қосу үшін шамамен 12 мың білікті маман қажет болады. Бұл өз кезегінде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен абаттандыруды қатар дамыту қажеттігін көрсетеді.
Ділназ Серікбай




