Жылдың төрт мезгілінің қай-қайсысында болмасын қазақ «тілсіз жау» деп атайтын қауіптер бар. Мәселен, қыс қайтып, мұз жіби бастаған шақтың өз қаупі бөлек. Ал күн ысып, шомылу маусымы келгенде, жазатайым оқиғалар тіпті көбейеді. Қауіп-қатердің алдын алу жайы айтылудай-ақ айтылып келеді, бірақ өңірімізде жыл сайын болып жатқан қайғылы жайттар адамдардың сақтыққа мән бермейтінін көрсетуде.
Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Екібастұз қаласы ТЖ басқармасы азаматтық қорғаныс тобының аға офицері, майор Бахтияр Ильясов судағы қауіпсіздік жайын әңгімеледі.
Су қоймалары жылдың қай мезгілінде болмасын қауіпті. Әсіресе шомылу маусымында жүзу құралдарын қолданып шомылудың қаупі зор. Павлодар облысы әкімінің 2025 жылғы 15 қыркүйектегі «Павлодар облысының су шаруашылығы құрылғыларында және су нысандарында бұқаралық демалыс, туризм және спортқа арналған орындарды белгілеу туралы» №252/1қаулысына сәйкес рұқсат етілген жерде ғана суға түсуге болады, – дейді Б.Ильясов.
Маманның айтуынша, 2025 жылғы шомылу маусымында Екібастұз қаласының аумағында суда төрт қайғылы жағдай болса, оның екеуінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер жазым болған. Оқиғалар шомылуға тыйым салынған орындарда болған.
Су орны толмас өкінішке ұрындырмас үшін Екібастұз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп алдын алу шараларын ұйымдастырып тұрады. Атап айтқанда, рейдтер мен суқоймаларды патрульдеуге шығады, ақпараттық стендтер мен ескерту белгілерін орнатады. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттар таратады.
Рейд кезінде төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері айыпты тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК 412-бабы шеңберінде әкімшілік құқық бұзу туралы 20 хаттама толтырыпты. Мәселен, жыл басынан бері өңірде автокөлік құралдарының мұз астына түсу оқиғасы 3 рет тіркелген көрінеді. 17 қаңтарда 9-шы насос станциясы тұсында Mitsubishi Delica, 24 ақпанда Шаңдақсор көлінде Lada Priora, 23 наурызда 9-шы насос станциясы тұсында «Нива» автокөлігі мұз астына түсіп кеткен. Бұл фактілер – су бетінде жылдың қай маусымында болса да қатер азаймайтынының айғағы. Қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ресімделді.
Судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтамау соңы ҚР ӘҚБтК 412-бабы аясында айып арқалауға әкеп соғады, атап айтсақ: су қоймаларында қауіпсіздік қағидаларын орындамаған немесе бұзған жеке тұлғаларға (қылмыстық сипаты болмағанда) – жеті, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне алпыс айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде. 2026 жылы айлық есептік мөлшері – 4325 теңге.
Ж.ӘБДІКӘРІМ



