Жаз ішінде атқарылатын ауқымды жұмыстар, негізінен, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі мен құрылыс бөліміне міндеттелген бағдарламаларға енгізілген. Осы орайда, таяуда болған қалалық мәслихаттың құрылыс, көлік және тұрғын үй-шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында жоғарыда аталған екі бөлімнің басшылары жоспарланған істердің қалай жүзеге асырылатыны жайлы ақпарат берді.
ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыртай Амановтың айтуынша, қала аумағын көгалдандыруға қала бюджетінен 601 миллион теңге қаржы бөлініпті. Оның 100 миллион теңгесі жасыл желекті күтіп ұстауға, 501 миллион теңгесі декоративтік көгалдандыруға жұмсалады. Соңғысы бойынша 10 мың шаршы метр жерге гүлзарлар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызу көзделген. Сонымен қатар, қала құраушы кәсіпорындар көктем мен күзде мыңдаған түп жас шыбықтар отырғызады.
Дезинсекциялық іс-шараларға 2025-2027 жылдарға жергілікті бюджеттен 545,9 миллион теңге қаржы қарастырылған. Биылғы жылы 30100 гектар аумаққа дезинсекция істеледі. Ол үшін ақтөбелік «Дезинсекция» мекемесімен шарт жасалған. Ал «Дезофарм-ЭК» ЖШС іс-шараларға ғылыми жетекшілік жасайтын болады. Бүгінгі күні қаламыздағы, Солнечный және Шідерті кенттеріндегі 700 жертөледе маса, шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жүргізілген екен. Сонымен бірге, Екібастұз қаласы маңындағы 15 су қоймасында, канал жағасында осындай жұмыс атқарылады.
Қазіргі уақытта кеміргіштермен күрес те өріс алған. Бұл мақсатта «Талипов» жеке кәсіпкерлігімен 3,9 миллион теңге сомасына шарт жасалған. Осылайша, 640 гектар алаңда көктемгі өңдеу жүргізіліпті. Жаз бен күзде аталмыш жұмыс қайталанады.
Жаз ішінде оқушылар мен студенттер еңбек отрядтарына қамтылатыны белгілі. Мемлекеттік сатып алулар қорытындысында «Надежда, Вера и Любовь» бірлестігімен шарт жасалыпты. Оқушылардың еңбек отрядтарына 10,5 миллион теңге, студенттердің еңбек отрядтарына 31,5 миллион теңге бөлініп отыр.
Қыстан жүдеп шыққан көше жолдарында ағымдағы жөндеу жүргізу үшін облыстық және қалалық бюджеттен 4 миллиард теңге бөлінген екен. Мемлекеттік сатып алулар 4 конкурсқа бөлінген. Бірінші конкурс жеңімпазы болып «Экибастузтеплоэнергомонтаж» ЖШС, екінші конкурс жеңімпазы болып «Юнити» ЖШС танылыпты. Екі мердігердің әрқайсысы 1 миллиард теңге мөлшерінде қаржы алып отыр. Енді тағы екі лот бойынша конкурс өткізіледі. Жалпы, 280 мың шаршы метр көше жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізіледі. 215 миллион теңге қаржыға тротуарлар төселеді.
Жыл сайын шаһарда балалардың ойын алаңдары мен футбол алаңдары көбейіп келе жатыр. Биылғы жылы да 915 миллион теңге қаржыға 50 балалар алаңы, 500 миллион теңге қаржыға 15 футбол алаңы жаңартылып, 5 жаңа алаң жасалады. Ал 7 стрит-воркаут және 3 стритбол алаңшасы үшін 69 миллион теңге қарастырылып отыр.
Қаралған мәселені талқылау үстінде облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Әлеев былтыр отырғызылған ағаш түптерінің қалай жерсінгенін сұрап еді, баяндамашы Бауыртай Аманов жауап беруге әзір болмай шықты. Соған қарағанда мониторинг жүргізілмеген тәрізді. Әңгімеге араласқан қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев бақылау жасауға мәслихат жанындағы экологиялық кеңесті қатыстыруды ұсынды.
Депутат Арман Амургалинов көше жолдарының ой-шұңқырын тегістеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, битум мөлшерден аз жұмсалып, технология сақталмайтын тәрізді. Сол себепті ол бағдарлама әкімгерлеріне бақылауды күшейтуге кеңес берді. Сонымен бірге, Арман Амургалинов аялдама павильондары туралы сөз қозғап еді, бұл жолы толымды жауап алды. Бауыртай Амановтың сөзіне жүгінсек, 35 аялдама павильонын орнатуға 70 миллион теңге қаржы бөлініпті. Соның ішінде Энергетиктер көшесінде жаңа бағдаршамдар, аялдамалар орнатылатын көрінеді. Осы орайда бірқатар депутат қаланың шеткі көшелерін де естен шығармауды өтінді.
Кеңейтілген отырыста құрылыс мәселесі де қаралап, құрылыс бөлімінің басшысы Ерсайын Аушәкімов хабарлама жасады. Құрылыс саласында да ірі істер қолға алынып жатыр. Бірқатарын атап өтер болсақ, қаламыздың солтүстік ауданында кәріз құрылысы, Естай Беркімбаев көшесінің Пішенбаев көшесінен 20-Южный шолақ көшесіне дейінгі бөлігінде су құбыры қайта жарақталуда. Сонымен бірге, жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салынып, Бәйет пен Қоянды ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі.
Ерсайын Аушәкімовтің баяндамасынан соң да халық қалаулылары тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар болды. Мәселен, депутат Еркін Құсан Солтүстік аудандағы кәріз құрылысы кезінде тұрғындар тілектерін ескеру қажеттігін айтса, депутат Орынбасар Әлеев жаңа үйлерді салғанда пандустар болуын ескеруді тілге тиек етті.
Кеңейтілген отырыстағы әңгімені тұжырымдай келе, тұрақты комиссия төрағасы Жетпісбай Жакупов сөзін: «Айтылған ұсыныстар бағдарламалар әкімгерлері тарапынан елеусіз қалмауы тиіс», — деп түйіндеді.
Ж.Сәдуақас



