«Қорғау-Астана» жеке қоры қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді әлеуметтік көмек көрсетеді. Қазіргі кезде аталған мекеме 7 әйел мен 6 балаға пана болып отыр.
25 сәуірде әлеуметтік желіге тараған жанжалды да орталық мамандары мен полиция қызметкерлері бірлесе отырып шешті. Оқиғаның мән-жайын Екібастұз қаласы полиция басқармасы ЖПҚБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бақытгүл Сейтқалиев баяндады.
– Полиция басқармасының кезекші бөліміне жедел шақырту келіп түсті. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері ер адамның өзінің бірге тұратын серіктесіне қатысты жанжал шығарып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы әрекеттер жасағанын анықтады. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оған 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылып, уақытша тұру, оңалту және бейімдеу мақсатында «Қорғау-Астана» жеке қорының дағдарыс орталығына орналастырылды, – деді бұл туралы полиция подполковнигі Б.Сейтқалиева.
Аталған мәселеге қатысты 28 сәуірде сот отырысы болды. Екібастұз қалалық сотының шешімімен құқық бұзушы 5 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және оларға дер кезінде көмек көрсету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.



