№28 сәбилер бақшасында дәстүрлі «Этноart» байқауы өтті. Жас педагогтарға арналған байқауға қатысушы тәрбиешілер саны биыл аз болды: Aнель Keнжe (№ 3 сәбилер бақшасы), Әйгерім Жылгелді (№ 4), Айжан Шонова (№ 7), Жаннұр Аилбаева (№ 8), Айым Көшер (№ 10), Айжан Темірғалиева (№ 12).
Сайыскерлер алдымен өздерін таныстырып, киіп шыққан киімін, яғни, өзі таңдаған сән үлгісін сипаттап берді. Бұл кезеңде қатысушылардың бәрі дерлік өздерін өлеңмен таныстыруды жөн көрген жайы бар. Ал келесі – қолөнер кезеңінде әркім өзі жасаған бұйымдарын көрсетумен қатар, ол бұйымдарды жасап отырған сәтінен бейнеролик те көрсетті. Анель Қуанышқызы алқа мен сырға, Айжан Айтбекқызы қабырғаға ілетін тұмарша, Жаннұр Жанатқызы тақия мен шекелік, Айым Болатбекқызы фетрден жасаған түйреуіштерін (брошь) ұсынды. Әрине, бәрі де көз жауын алып тұр. Кейбір шеберлерден: «Осы заттар инстаграм парақшаңызда бар ма?» – деп сұрап, «Жоқ», – деген жауап алдық. Қолөнерді күн сайын тұрақты жасайтын адам оны қайтсе де бір әлеуметтік парақшасына салмауы мүмкін емес сияқты. Бұл сайыста №4 сәбилер бақшасының қазақ тілі оқытушысы Әйгерім Ғылымшәріпқызының көрнекіліктері балабақшаға бір табан жақын болып көрінді: ол өз сабағында қолдануға ыңғайлы бұйымдар, яғни, қазақ тұрмысында қолданылатын ұлттық бұйымдардың макетін кешенді түрде жасап әкеліпті. Сондай-ақ, №12 сәбилер бақшасынан келген Айжан Тілеубергенқызының асықтан құрастырып әкелген «Домбыра» картинасы да креативтілігімен ерекшеленді.
Қорытынды кезең – «Сұрақ-жауапта» сайыскерлер ұлттық салт-санаға қатысты сұрақтарға жауап берді.
Байқаудың бас жүлдесін әріптестерінен тілінің жатықтығымен, ойының ұшқырлығымен озған №4 сәбилер бақшасының қазақ тілі оқытушысы Әйгерім Жылгелді жеңіп алды. 1-орынға №12 сәбилер бақшасының жас маманы Айжан Темірғалиева, 2-орынға №8 сәбилер бақшасынан келген Жаннұр Аилбаева ие болды. 3-орын №7 сәбилер бақшасының тәрбиешісі Айжан Шоноваға берілді.
Жалпы, жылда айналып келетін осынау байқауда, бір қарағанда, қатысушылардың сырт бейнесі бір-бірінен айырғысыз. Дегенмен қазақ халқы әр киімді жас ерекшелігіне қарай киген, мәселен, тақия – тұрмыс құрмаған қыз баланың, сәукеле – ұзатылған қыздың бас киімі.
Мұндай байқауда әр ұсақ-түйекке мән беріледі. Киім байқауы болғандықтан, тәрбиешілердің киім тақырыбын зерттей жүргені де абзал. Бір қатысушыға: «Киім туралы қандай ырым-тыйым білесіз?» – деген сұрақ қойылғанда, жауабы үнсіздік болды. «Бас киімді жоғары қояды», «Киім жағасын баспайды», «Аяқ киімді жоғарыға шығармайды» дегендей қарапайым ырым-тыйымды айтып берсе де, жеткілікті болатын еді. Сондай-ақ, «Мына көйлекті өзім тіктім», – деген қатысушының джинсы шалбар сыртынан киген ақ көйлегінің етегін түріп алуы да қазақы ұғым қалыбына сыя қоймайтындай. Қазылар алқасы осындай жайттарды да назарға алып отырды.
Негізі бұл байқаудың мақсаты – киімді күнделікті қолданысқа икемдеу, насихаттау, Тым әсірелеу емес, жоқ нәрсені, киілмейтін киімді ойлап табу емес. Киім байқауы деп аталғанымен, біздіңше, бұл – білім, таным байқауы. Киім деген өзінше бір пәлсапа, мәдениеттің көрінісі екенін естен шығармайық.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА





