Екібастұз қаласындағы Жедел басқару орталығында 72 бейнекамера қоғамдық тәртіпті, 5 бейнекамера қала жолдарындағы жылдамдық режимін бақылауға арналған. Бейнекамералар қала аумағындағы құқық бұзушылықтарды тіркейді. Жыл басынан бері камералар дерегі негізінде 1500 хаттама толтырылған.
Биыл Солнечный, Шідерті кенттерінде де кішігірім жедел басқару орталықтары салынбақ. Онда да құқық қорғаушылар заманауи бейнекамералар арқылы қоғамдық тәртіп пен көлік жылдамдығын қадағалайтын болады. Бұдан басқа, алдағы уақытта Беркімбаев, Қонаев, Энергетиктер көшелерінде 80-нен аса камералар орнатылмақшы. «Қауіпсіз қала» жүйесінің тиімділігі жайлы қалалық коммуникациялар қызметінде ЖБО ақпараттандыру және байланыс тобының технигі Серік Кекилов айтып берді.
– Бүгінде Жедел басқару орталығында ғана емес, сонымен қатар, полиция басқармасында, уақытша ұстау изоляторында орнатылған смарт камералардың адамның бет-жүзін тану функциясы бар. Яғни, олар тікелей Ішкі істер министрлігіндегі базамен байланыстырылған, – деді С.Кекилов брифингте. – Айталық, ұрлық жасап не алимент төлемей іздеуде жүрген адам болса, ол туралы ақпарат ғимаратқа кіргеннен-ақ белгілі болады. Немесе уақытша ұстау изоляторында отырғандар арасында шу шығып, төбелес басталса, камера мұндайды кезекшіден бұрын байқап, сигнал береді.
Өңірде адамның бет-әлпетін тану функциясын тәртіп қорғаушылардың жетондарына да қою жұмысы қолға алынуда. Спикердің айтуынша, павлодарлық полицейлер осындай қызметті қосуды бастап та кетіпті. Келесі кезекте – Екібастұз қаласы.
Қаламызда полицияның кезекшілік бөліміне дабыл түймесі арқылы 70-тен аса нысан қосылған. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, балалардың шығармашылық орталықтары, т.б. ұйымдар бар.
Қазіргі таңда қала көлемінде жалпы 14 мыңнан аса нысанға бейнекамера орнатылыпты. Бұл камералар сауда үйлері, дүкендер, көпқабатты үйлер, жеке секторлар, мектептер мен балабақшалар, т.б. нысандарда орнатылған. Бұл өз кезегінде ұрлықтың жолын кесуге көмегін тигізуде. Әсіресе аулаларда жиі орын алатын велосипед, самокат ұрлығын ашуға бейнекамералардың көп көмегі тиіп жүр. Осылайша жыл басынан бері 3-4 ұрлық камера көмегімен анықталған. Камера орнату жөніндегі түсіндіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ




