Күрестің жілігін шағып, майын ішкен мамандар ауыр салмақтың бәсі жоғары екенін жақсы біледі. 23-25 сәуір аралығында Қостанай облысы Рудный қаласында 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында дзюдодан «Мини татами» республикалық турнирі өткен еді. Осы дүбірлі жарыста екібастұздық жас дзюдошы Әмірлан Бейсембек 81+ салмақта турнир жеңімпазы атанып қуантып, чемпион белдігін тағынды.
– Турнирде төрт рет татамиге шығып, бәрінде жеңіске жеттім. Финалда қостанайлық қарсыласымды ипон әдісімен таза ұттым, – деді Әмірлан Қайырболатұлы телефон арқылы сөйлескенімізде.
Он алты жастағы дзюдошы – бүгінде ЕКИнЕУ колледжінің І курс студенті. Болашақ мамандығы – денешынықтыру пәні мұғалімі.
«Негізі, менің мақсатым – жаттықтырушы болу», – деп арманын айтқан Әмірлан – спортты сүйген отбасындағы екінші бала. Әкесі Қайырболат Көпежанов – №36 лицей-мектепте денешынықтыру пәні мұғалімі, білім ордасында дәстүрлі садақ ату спортын дәріптеп жүр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Әмірланның бауыры Исмайыл ұлттық спорттың осы түрімен шұғылданады екен.
Біздің кейіпкеріміз – Әмірлан Қайырболатұлының дзюдомен айналысқанына төрт жыл болыпты. «Жасыбай» спорт мектебінде жаттығып жүрген оның бапкері – Нұрболат Өтембергенов.
– Осы жолғы турнирге 8 дзюдошы барған едік. Солардың ішінен бабым келісіп, бағым жанып үйге жеңімпаз болып оралдым. Вокзалда әкем, әкемнің ағасы Сұңғат Көпежанов өнердегі достарымен бірге күтіп алып, арқа-жарқа болдық. Менің жетістігімді мақтан еткен бапкеріме, туған-туыстарыма ризашылық білдіремін, – дейді Әмірлан.
Айтпақшы, Әмірлан бұған дейін Екібастұз, Семей қалаларында болған турнирлерде де жүлдегерлер қатарынан табылған екен. Чемпионның сөзіне қарағанда, оның алдына қойған мақсаты биік. Ендеше, сол мақсатыңа жете бер, жеңімпаз!
Ж.Жәлелұлы




