«Өнер» ҚМС-да ана тілінің қадір-қасиетін ұлықтауды мақсат еткен «Кен байлығы – жерде, сөз байлығы – елде» атты мақал-мәтел мен шешендік өнер байқауы өтті. Игі бастаманы Билер алқасының ұйытқы болуымен «Атамұра» мәдениет орталығы ұйымдастырған екен.
Байқауға ғасырлар сүзгісінен өткен мақал-мәтелдерді, билердің нақыл сөздерін кейінгі ұрпаққа жеткізуді мұрат еткен оқушылар, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, т.б. азаматтар қатысты. Екі кезеңнен тұрған сайыс қатысушылардың білімін, сөз саптау шеберлігін сынға салды.
Алғашқы кезең «Мақал – сөздің мәйегі» деп аталып, қатысушыларға түрлі тақырыптар ұсынылды. Әрқайсысы сол тақырыпқа сай мақал-мәтел айтып қана қоймай, оның мағынасын тереңінен тарқатып берді.
«Шешендік сөз – ел мұрасы» деп аталған екінші кезеңде қатысушылар жеребе бойынша қазақтың әйгілі билерінің есімдерін таңдады. Содан соң Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би, Бапан би, Шорман би сынды тарихи тұлғалардың шешендік сөздерін айтып, олар туралы ел аузында қалған әңгімелерді ортаға салды.
Сайысқа қатысқан Гүлназ Алпысбаева, Айзада Бауыржан, Аяжан Жұмабаева, Кәусар Мұхиден, Ерасыл Елтай, Диас Жақсылық, Әдемау Сағат, Үммүгүлсім Болатбек, Сәния Есмұхан, Аяулым Байбосынова, Темірлан Жақиянов, Айша Базарғали, Айдана Жаннат, Ілияс Қайриденов, Жандос Бижахан, Бағдат Әлекбаев, Батырхан Сәдуов, Дулат Тыныбеков, Әлімжан Күлдин, Серік Шайжанов секілді қатысушылар өзара бақ сынады.
Байқаудың ашылуында Билер кеңесінің төрағасы Жұмажан Паруов қатысушыларға сәттілік тілеп:
– Мұндай тағылымды байқауларды тек аудан орталығында ғана емес, ауылдарда да өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді.
Сайыс барысында жас қатысушылар да, ересектер де өз білімдерін ортаға салды. Әсіресе бірнеше оқушы қыз таңдайлары тақылдап, билердің шешендік сөздерін жақсы-ақ айтып берді. Жастардың сахнада аздап именгендері байқалғанымен, олар берілген тапсырмаларды лайықты деңгейде орындап шықты.
Кеш көркін «Атамұра» өнерпазы Жомарт Қабыкеновтің орындауындағы терме айшықтай түсті.
Байқау қорытындысында ересектер арасында Дулат Тыныбеков, Батырхан Сәдуов, Бағдат Әлекбаев үшінші орынды иеленді. Екінші орын Жандос Бижахан мен Серік Шайжановқа бұйырды. Ал бірінші орынды көненің көзіндей болып сөз қадірін терең білетін Әлімжан Күлдин ақсақал жеңіп алды.
Оқушылар арасында 1-орынды Айдана Жаннат (№18 орта мектеп) пен Аяжан Жұмабаева («Зерде» мамандандырылған лицей-мектебі) жеңіп алды. Гүлназ Алпысбаева («Зерде» мамандандырылған лицей-мектебі) мен Айша Базарғали (№18 орта мектеп) 2-орынға шықты. Үш қатысушыны қазылар 3-орынға лайық деп таныды. Олар: Ілияс Қайриденов (№2 орта мектеп), Ерасыл Елтай («Зерде» мамандандырылған лицей-мектебі), Әдемау Сағат (№18 орта мектеп).
Дегенмен шара барысында ойланарлық тұстар да байқалды. Тәрбие-тәлімді насихаттайтын шараға қатысушы кейбір қыздардың қара саннан келетін белдемше кигендері жараспады. Бұл сахна әдебіне назар аудармай, қыздарды қысқа белдемшемен қоя берген жетекшілеріне де сын.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ





