«Достық үйінде» «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Адал азамат – ел тірегі» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға қаламыздың мектеп оқушылары мен колледж студенттері, ұстаздар және түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар қатысты.
Тағылымды кездесуге Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Санат Рыспаев, Нұрмахан Байбешов, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері Бәтима Камалидинова, «Гидропром» ЖШС-нің шебері Замзәгүл Хасанова, сондай-ақ, ардагер ұстаз Алма Әбілқасымова қатысып, жастармен пікір алмасты.
Кездесу барысында спикерлер еңбек тәжірибелері туралы айтып, жастармен тағылымды ойларын бөлісті.
– Озық ойлы ұлт қалыптастыру үшін қоғамның сана-сезімін жаңартып, жаңа құндылықтарды орнықтыруымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы жауапкершілік пен әділеттіліктің маңызын үнемі атап өтеді. Бұл қасиеттер ең алдымен жас ұрпақтың бойынан табылуы тиіс, – деді Санат Қатайұлы.
Өз кезегінде Нұрмахан Байбешов жастармен ашық әңгіме өрбітіп, өмірлік ұстанымдары мен тәжірибесін бөлісті. Ол адалдық пен табандылықтың кез келген жетістікке бастайтын басты қасиеттер екенін атап өтіп, жастарды өз мақсатына нық қадаммен ұмтылуға шақырды.
Кездесу барысында әскер қатарына шақырылғалы отырған Екібастұз политехникалық колледжінің студенттері Бекболат Тұрабеков, Әлішер Ахметов, Мирас Боранбай алдағы әскери борыштарына зор жауапкершілікпен қарайтындарын жеткізді. Олар Отан алдындағы міндетті өтеуді әр азаматтың өміріндегі маңызды әрі абыройлы кезең ретінде атап өтті.
Тағылымы мол кеш «Асыл әжелер» тобының орындауындағы «Ертіс вальсі» және «Бұлқынды жүрек» әндерімен қорытындыланды.
Ділназ Серікбай




