Қолынан үкілі домбырасы түспей өмірмен қоштасқан ҚР Мәдениет қайраткері Жәнібек сал Мәліковтің жарқын бейнесі екібастұздықтардың әлі күнге жадында. Оған дәлел – әншінің 65 жылдығына орай 24 сәуір күні «Өнер» мәдениет сарайында өткізілген «Дәстүрлі әннің дарабозы» фестиваль-концертке көзкөрген қауым түгел жиналды.
– Жәнібек Мәліков – дәстүрлі әнді жай орындаушы емес, оны жүрек сүзгісінен өткізіп, тыңдаушыға шынайы жеткізе білген талант иесі. Жәнібек сал шырқаған әндер ұлттық рухты оятып, дәстүрлі әннің қадір-қасиетін ұқтыратын, – деген фестиваль жүргізушілері Қуаныш Бәтенов пен Ләйла Мадинаның сөзінен кейін сахнаға Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан көтерілді.
Медет Алпысбайұлы құттықтау сөзінде Екібастұз қаласы небір тамаша мәдени іс-шаралардың бастамашысы болып жүргенін атап өтіп, «Соның бір жарқын көрінісі – бүгінгі фестиваль», – деді. Осыдан кейін баянауылдық айтыскер ақын Тілек Сейітов арнау айтып, сөзін «Кішкентай Мәліковтер аман болса, Әнімен таңдандырар әлі көпті», – деп, Жәнібек салдың өнердегі жолын балалары мен немерелері жалғастырады деп түйіндеді.
Сахна шымылдығы дәстүрлі әнші Жомарт Қабыкеновтің орындауындағы «Даламның дара тұлғасы» әнімен ашылды. Бұл әнді заманында Жәнібек сал ел ішіне кеңінен таратқан болатын. Сөзін ақын Жүрсін Бәтенов жазып, әнін сазгер Шәкен Рақышев шығарған.
Фестивальда Павлодар мен Екібастұз қалаларының, Баянауыл мен Успен аудандарының дәстүрлі әншілері, халықтық ансамбльдер мен күйшілер өнер көрсетті. Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық мемлекеттік филармония әншісі Гүлназ Қыздарбекова халық әні – «Бозбаланы», «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының әншісі Жанерке Мәукен Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әнін, баянауылдық Самал Жакупова Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін, Успен ауданының әншісі Құнанбай Жалын Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін нәшіне келтіре орындап, көрермен ықыласына бөленді. Жас күйші Ілияс Көпежанов Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін, баянауылдық «Аманат» тобы Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін шеберлікпен ойнап, «Екібастұз серілері» ансамблі Біржан салдың «Көкек» әнін, «Мұрагер» халықтық вокалды аспаптық ансамблі «Алатау» әнін шырқады.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, Жәнібек салдың ұлы Жеңіс Мәліков Жарылғапбердінің «Ардағын» шырқап, көрерменді көзайым етті. Фестиваль-концертте тағы басқа әншілер де өнерімен сүйсіндірді.
Екібастұз қаласы әкімінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанар Тоқсамбаева Жәнібек салдың жары Айсұлу ханымға гүл шоғын ұсынып, сый-сияпат жасады. Ал фестиваль-концертке қатысушылар дипломдармен марапатталып, соңынан бәрі естелік суретке түсті.
Ж.Сәдуақас






