Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласындағы №3 емхананың терапевт-дәрігері Ертас Уанов емханаларға тіркелу тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, бұған дейін емханаға еркін тіркелу науқаны жыл сайын күз айларында өткізілетін. Алайда жаңа өзгерістерге сәйкес, енді емханаға тіркелу немесе оны ауыстыру процесі жыл бойы қолжетімді болады. Бұрынғыдай тіркелу үшін себеп көрсету талабы да алынып тасталған.
Сонымен қатар, жаңа тәртіпке сәйкес әрбір азамат тек бір ғана емханаға бекітіледі және тіркелу негізінен тұрғылықты мекенжайы бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ бес жасқа дейінгі балалар ата-анасы тіркелген емханаға автоматты түрде бекітіледі.
Дәрігердің айтуынша, енгізілген өзгерістер Қазақстан азаматтарымен қатар қандастарды, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ тұлғаларды да қамтиды. Олар тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша медициналық көмекке жүгіне алады. Тіпті жалдамалы пәтерде тұратын азаматтар да уақытша тіркелу арқылы сол аумақтағы емханаға бекітіле алады.
Қоныс аударған жағдайда азаматтар жаңа мекенжайы бойынша кез келген уақытта тіркеле алады. 18 жастан асқан азаматтар өз бетінше, ал кәмелетке толмағандар заңды өкілдері арқылы тіркеледі. Бұл ретте жеке куәлік немесе баланың туу туралы куәлігі талап етіледі, ал өтінім бір жұмыс күні ішінде қаралады.
Бүгінде емханаға бекітілу процесі толықтай электронды форматта жүзеге асырылады. Азаматтар eGov порталының «Денсаулық сақтау» бөлімі арқылы электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен бірнеше минут ішінде өтінім бере алады. Нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетіне жолданады.
Ділназ Серікбай




