Бұқаралық ақпарат құралдарынан балалардың жарақат алуы туралы хабарлар жиі таратылатын болды. Әсіресе, жаз шыға балдырғандардың аңдаусызда терезеден құлап кету оқиғалары жиілейді. Сол себепті жазатайым жағдайлар болмауы үшін сақтық шараларын күшейткен абзал. 24 сәуір күні қалалық коммуникациялар қызметінде болған брифинг осы тақырыпты қамтыды.
Алғашқы болып сөз алған Екібастұз қалалық ауруханасы ішкі аудит бөлімшесінің басшысы Светлана Подзорова биылғы жылдың үш айы ішінде 1623 жарақат алу оқиғасы тіркелгенін айта келе, оның 610-ы – тұрмыста, 412-сі – көшеде, 270-сі – спорттық жарыстар мен жаттығуларда, 181-і мектепте болғанын тілге тиек етті. Сонымен бірге, 18 бала жол-көлік оқиғасында жарақат алып, 24 бала уланып, 6 баланы күйік шалып, тағы 24 баланы жәндіктер шағып не жануарлар тістеген екен.
– Ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіз болуы, көшеде қараусыз ойнау, қауіпті заттарға қолжетімділік және тағы-тағылары балалардың жарақат алуына себеп болып тұр. Сондықтан ата-аналар сақтықты ешқашан қаперден шығармауға тиіс. Әйтеуір биылғы үш ай ішінде кішкентай балдырғандардың терезеден құлап мертігуі болған жоқ. Десек те бұл – ерекше назар аударатын қауіптің түрі, – деді Светлана Подзорова.
Денсаулық сақтау саласы қызметкерінің бұл сөзін брифингте білім бөлімінің қызметкері Сұлушаш Ибраева жалғастырды.
– Былтырғы жылы 3 бала терезеден құлап кетіп, екеуі дене жарақатын алып, біреуі көз жұмды. Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін білім бөлімі іс-шаралар жоспарын бекітті. Мектепке дейінгі ұйымдардың сайттары мен инстаграм беттерінде балалардың қауіпсіздігі тақырыбындағы буклеттер, бейнероликтер орналастырылды. Сонымен бірге, ата-аналар жиналыстары өткізілуде. Терезелерге қорғаныс құралдарын орнату жұмысы өрістетілді. Мәселен, 2023 жылы «Богатырь Көмір» ЖШС, 2024 жылы облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Алеев көпбалалы және аз қамтылған отбасылар пәтерлерінің терезелеріне қорғаныс құралдарын орнатуға қаражат бөлді. Ал 2025 жылы биік үйде тұратын осындай санаттағы 247 отбасы пәтерлерінің терезелеріне 600 блокатор орнатылды. Енді бұл жұмыс демеушілер көмегімен биылғы жылы да жалғасын табады, – деді Сұлушаш Ибраева.
Түйіндей айтқанда, балалардың қауіпсіздігіне ересектер жауапты. Әсіресе, кішкентай балалар алаңғасар келеді. Ата-аналар мұны әрдайым жадынан шығармай, балаларына бас-көз болғаны жөн.
Ж.Жәлелұлы



