Қоянды ауылдық округіне қарасты Құрылысшы ауылында өткен қала әкімінің есеп беру кездесуінде көтерілген мәселелер әдеттегідей: жол, байланыс, жер туралы. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде ауыл тұрғыны Эльмира Ахметова интернеттің сапасыздығына шағымданды. Ғаламтор қызметін «Транстелеком» АҚ-мен бірлескен қызмет көрсететін «UNISOL» компаниясы арқылы пайдаланатын тұрғындар да жарық өшсе, байланыстан мақұрым қалатындарын айтты. Ал біз бұл ауылға кіргеннен-ақ Beeline интернеті жұмысын тоқтатты, тек Activ қызметі қалыпты болды. Отырысқа қатысқан Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының өкілдері: «Базалық станция орнатуға уәде бере алмаймыз, ол үшін ауыл тым кішкентай және биылғы жылға жұмыстар жоспарланып қойған, ең таяу база – «Богатырьде». Ол жақтан желі тартуға жердің тегіс еместігі де кедергі тудырады», – дегендей желеу айтқанымен, қала басшысы Аян Уахитұлы: «Елімізде жасанды интеллектіні енгізудің жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданған, бұл жоспар барлық елді мекендерді цифрландыруды көздейді емес пе?!» – деп, басқарма тарапынан қатысқан екі өкілге мәселені төтесінен қойды. Шаһар басшысы тілге тиек еткен Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары Президентіміздің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында қабылданғаны белгілі. Оның үстіне, биылғы жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп айшықталғанын ескерсек, Құрылысшы секілді интернет қызығын көре алмай отырған шағын ауылдардың айы оңынан туар деген сеніміміз кәміл. Кездесуде кіреберіс және ауылішілік жолдар жайы да көтерілді. Қала әкімі өңірде 27 елді мекен барын, ұзақ жылдар бойы ауылдардың жай-күйі назардан тыс қалып келгенін айтты. Соңғы екі-үш жылдың дересінде осынау олқылықтың орнын толтыруда ауқымды істер атқарылып жатқаны аян. Мәселен, қазір Ақкөл, Бәйет, Қоянды, Атығай ауылдарының кіреберіс жолдарымен қатар ауылішілік жолдарына асфальт төселген, сондай-ақ, Құдайкөл, Сарықамыс ауылдарының кіреберіс жолдары ретке келтірілген. Өңірде үлкен ауылдардың ішінен тек Төртүй мен Тайдың кіреберіс жолдары жөнделмеген, Құрылысшы, Теміртас сияқты шағын ауылдар да осы тізімде.
Аңсар Әбсаламов атты азамат бірнеше жылдан бері бау-бақша салсам деген ойы орындалмай жүргеніне алаңдаулы. Оның ойы жүзеге асу үшін ауылдың картасына түзету енгізілуі тиіс екен. Жауапты тұлғалар облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы 2027 жылы ауылдардың құрылыс сызбасын жүргізетінін желеу етіп жоғарыға сілтеп еді, әкімді бұл уәж қанағаттандырмай, «Өзге нұсқаларды қарастырыңыздар», – деп пәрмен берді.
№3 емхананың бас дәрігері Тоғжан Қабылтаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемін жасамағандар дәрігерге көріне алмайтынын ауыл тұрғындарының қаперіне салды. Ауылда былтыр іске қосылған су жаңа медициналық пункт болғанымен, МӘМС ақысын төлемеуі себепті оның қызығын көре алмай отырғандар бар. Осы тұрғыда қала әкімі: «Ауыл әкімдерінің рейтингісіне МӘМС төлемінің көрсеткіштерін де қосу қажет», – деп нықтап қойды…
Халқының санына келсек, Құрылысшы ауылында 124 адам (37 аула) тұрады, оның 19-ы – зейнеткерлер, 77-сі – еңбекке жарамды азаматтар. Жұмыссыздар – 3 адам, мүгедектігі бар азамат – 1, оқушылар саны – 8: 7 оқушы №17 мектепке, 1 оқушы А.Құнанбаев атындағы №2 мектепке мектеп автобусымен қатынап оқиды.
Қара іргесіндегі Құрылысшы ауылының жалпы жағдайы осындай.
Жанаргүл Қадырова




