Жыл сайын сәуір айында Дүниежүзілік иммундау апталығы атап өтіледі. Биылғы науқан «Вакцина әрбір ұрпақ үшін жұмыс істейді» ұранымен өтуде. Осыған орай 21 сәуір күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Бекпаева өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.
Маманның айтуынша, вакциналау – жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әрі дәлелденген тәсілдерінің бірі.
– Соңғы 50 жыл ішінде екпелердің арқасында әлемде 150 миллионнан астам адамның өмірі сақталып, нәрестелер өлімі шамамен 40 пайызға төмендеді. Екпе – тек жеке қорғаныс емес, ол қоғамның ортақ қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрал. Сондықтан халық арасында вакцинаға деген сенімді арттырып, түсіндіру жұмыстарын күшейту аса маңызды, – деді ол.
Бүгінде өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – қызылша ауруының таралуы. Қазіргі таңда Екібастұз өңірінде қызылшаға күдікпен 86 жағдай тіркелсе, оның 61-і зертханалық түрде расталған. Сырқаттанғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар (51 жағдай).
Ауру құрылымына келсек, расталған жағдайлардың 34-і ешқандай мекемеге бармайтын, яғни, «ұйымдастырылмаған» балалардың үлесінде. Қалған жағдайлар мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері арасында тіркелген. Сонымен қатар ересектер арасында да 9 жағдай анықталған.
Мамандардың айтуынша, аурудың таралуына тікелей әсер етіп отырған негізгі себеп – вакцинадан бас тарту. Атап айтқанда, расталған 61 жағдайдың 35-інде балалар мүлде екпе алмаған. Ал 9 бала вакцина жасына жетпеген болса, 1 жағдайда медициналық қарсы көрсетілім тіркелген.
Сырқаттану деңгейі, әсіресе, бір жастағы балалар арасында жоғары – 27,9 пайыз. Бір жасқа дейінгі сәбилер арасында бұл көрсеткіш 16,4 пайызды құрайды. Бұл – ұжымдық иммунитеттің әлсірегенін көрсететін алаңдатарлық белгі.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өңірде профилактикалық екпемен қамту деңгейі небәрі 12–14 пайыз шамасында қалыптасқан. Бұл көрсеткіш тиісті нормативтік межеден (23,8 пайыз) екі есеге жуық төмен. Мұндай жағдай жұқпалы аурулардың одан әрі таралу қаупін арттырады.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық екпелерден бас тартпауға шақырады.
Ділназ Серікбай



