Бұрын балабақшаға кезекке тұру мен бірінші сыныпқа құжат тапсыру ата-аналар үшін ұзақ кезек пен қағазбастылықты талап ететін күрделі үдеріс болатын. Бүгінде бұл қызметтер толықтай электронды форматқа көшіріліп, қолжетімді әрі ашық жүйе қалыптасты.
Бұл туралы 16 сәуір күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласының білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сұлушаш Ибраева мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың сәуір айынан бастап өңірде «Balabaqsha Smart Nation» бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе арқылы балаларды кезекке қою және балабақшаға қабылдау толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады. Енді ата-аналарға мемлекеттік органдарға барудың қажеті жоқ: барлық қызметтер қашықтан қолжетімді.
Спикердің айтуынша, бұған дейін қолданылған жүйеден 2850-ден астам баланың деректері жаңа платформаға еш қателіксіз көшіріліп, кезек реті толық сақталған. Қазіргі таңда кезекте 1540 бала тұр. Жүйе енгізілгелі 750 өтініш қабылданған. Жалпы қала бойынша 8000-нан астам бүлдіршін мектепке дейінгі ұйымдарға барады, ал өңірдегі 45 балабақша толықтай осы жүйеге қосылған.
Сонымен қатар, брифинг барысында бірінші сыныпқа қабылдау науқанының басталғаны да айтылды. Биыл Екібастұзда шамамен 2300 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланып отыр. Құжаттарды қабылдау екі кезеңде өтеді: негізгі кезең – 18-28 маусым аралығы, ал қосымша кезең –
11 шілде мен 31 тамыз аралығы.
– Биыл қабылдау жаңартылған ережелер бойынша жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі өтініш берудің кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын тәртібін енгізді. Дегенмен жалпы қабылдау мерзімі өзгеріссіз: 31 тамызға дейін жалғасады. Заңнамаға сәйкес, бірінші сыныпқа 6 жастағы және биыл 6 жасқа толатын балалар ата-анасының өтініші негізінде қабылданады. Ата-аналарды құжаттарды уақытында тапсырып, мектепті алдын ала таңдауға шақырамыз. Егер портал арқылы өтініш беруде қиындық туындаса, әр мектепте арнайы көмек бұрыштары ұйымдастырылған, – деді Сұлушаш Қабдығалиқызы.
Ата-аналар құжаттарды eGov.kz порталы арқылы онлайн тапсыра алады. Қажетті құжаттар қатарында өтініш, медициналық анықтамалар және екі фотосурет бар. Мамандар медициналық құжаттардың бір жылға жарамды екенін атап өтті, сондықтан алдын ала дайын құжаттарды қайта рәсімдеудің қажеті жоқ.
Жалпы цифрлық жүйенің енгізілуі ата-аналарға айтарлықтай жеңілдік беріп отыр. Енді әрбір ата-ана өтініш беруден бастап баланы қабылдауға дейінгі барлық үдерісті өз бетінше ыңғайлы әрі жылдам басқара алады.
Қосымша ақпарат алу үшін білім беру бөліміне (Бауыржан Момышұлы көшесі, 70 «А») немесе 75- 63- 09 нөміріне, сондай-ақ, техникалық қолдау қызметіне 8 701 315 72 22 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Ділназ Серікбай




