Ішек инфекцияларының алдын алу және гигиена талаптарын сақтау мәселесі әрдайым өзекті. Әсіресе күн жылынған кезеңде бұл санаттағы аурулардың таралу қаупі арта түседі. Көктем мезгілінде ағзаның әлсіреуі мен иммунитеттің төмендеуі де түрлі инфекцияларға бейімділікті күшейтеді.
Бұл туралы 16 сәуір күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Бақыт Бекпаева мен №1 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Дархан Шаяхметов әңгімеледі.
Бақыт Бекпаеваның айтуынша, Екібастұз өңіріндегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы жылдармен салыстырғанда бірқатар инфекциялық аурулар бойынша сырқаттанушылық деңгейі төмендеген. Атап айтқанда, жіті ішек инфекциялары, сальмонеллез және А вирусты гепатит бойынша көрсеткіштер азайған.
Дегенмен биыл қоғамдық тамақтану орындарының бірінде жаппай улану дерегі тіркелген. Қаладағы мейрамханалардың бірінде өткен екі іс-шара барысында 20-дан астам адам бактериалды ішек инфекциясын жұқтырған. Тексеру нәтижесінде инфекция көзі ретінде мекеме қызметкерлері мен тағам өнімдерінің ластануы анықталған.
– Қазіргі таңда қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда санитарлық талаптардың сақталмауы осындай жағдайларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар А вирусты гепатитінің үш жағдайы тіркелді. Ауырған адамдардың біреуі – мектеп оқушысы. Баланың ата-анасы екпеден бас тартуына байланысты вакцина алмағаны белгілі болды, – деді Бақыт Бекпаева.
Өз кезегінде жалпы тәжірибе дәрігері Дархан Шаяхметов инфекцияның таралу жолдарына тоқталды.
– Инфекция тек тағам арқылы ғана емес, тұрмыстық заттар арқылы да жұғуы мүмкін. Мысалы, ойыншықтар, ұялы телефондар және күнделікті қолданылатын басқа да бұйымдар арқылы таралады. Қоздырғыштар сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан жеке гигиенаны сақтау – ең тиімді қорғаныс, – деді дәрігер.
Мамандар тұрғындарды тазалық мәдениетін сақтауға, дұрыс тамақтануға және жеке гигиена ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Бұл – ішек инфекцияларының алдын алудың ең тиімді жолы.
Ділназ Серікбай





