Екібастұз қаласында қоғамдағы әкенің рөлін айқындап, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Әке – отбасының тірегі» атты қалалық форум өтті. Ауқымды шара «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалы мен Екібастұз қаласы ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Қоғамда әке – тек шаңырақ иесі ғана емес, ол – отбасының қорғаны, тірегі, береке мен тәрбиенің бастауы. «Әкеге қарап ұл өсер» деген халық даналығы әкенің бала өміріндегі орнын айқын көрсетеді. Жаһандану дәуірінде отбасы ішіндегі байланыс әлсіреп бара жатқан тұста әке мен бала арасындағы рухани сабақтастықтың маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Осы орайда жиын барысында отбасылық құндылықтарды жаңғырту, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Форум барысында сөз алған қала әкімі Аян Бейсекин әкенің бала тәрбиесіндегі орнына ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, тәрбиелі ұрпақ – елдің болашағы, ал оны қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталады. Бұл ретте әкенің рөлі айрықша. Әке – тек асыраушы емес, ол – тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші, баласына өмірлік ұстаным қалыптастыратын негізгі тұлға. Баланың мінезі мен дүниетанымының қалыптасуына әкенің ықпалы орасан зор.
Бүгінде өңірімізде 40-қа жуық әкелер кеңесі жұмыс істейді, олардың құрамында 320-дан астам белсенді азамат бар. Бұл – қоғамдағы жауапты әкелер қатарының артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай, жүйелі түрде жалғастырып, әрбір шаңырақта әкенің өнегесін орнықтыруға күш салуымыз қажет. Себебі мықты отбасы – мықты қоғамның негізі, – деді шаһар басшысы.
Жиында «Сенімен Болашақ» РҚБ құрылтайшысы, жоба авторы Нұркен Асанов әке мен бала арасындағы рухани байланыстың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда материалдық қамтамасыз ету алдыңғы орынға шығып, баланың эмоциялық қажеттіліктері кей жағдайда ескерусіз қалып жатады.
– Біз, әкелер, көбіне баланы киіндіріп, оқытып, барлық жағдайын жасап берсек, парызымызды толық орындадық деп ойлаймыз. Алайда бүгінгі бала материалдық дүниеден бұрын әкенің мейіріміне, жылы сөзі мен шынайы көңіліне мұқтаж. Бала үшін ең үлкен құндылық – ата-ананың назары мен қамқорлығы. Әке ретінде жауапкершілікті тек табыс табумен ғана өлшеуге болмайды. Әрбір әке баласының ішкі жан дүниесіне үңіліп, оны тыңдай білуі тиіс, – деді Нұркен Асанов.
Форум аясында Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің педагогика және психология оқытушысы Арай Рақымжанова қатысушыларға арнайы тренингтер өткізіп, ата-ана болу мәдениеті, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығы, сондай-ақ, отбасы ішіндегі психологиялық ахуал мәселелері бойынша кеңестер берді.
Шара барысында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын көрме ұйымдастырылып, қатысушылар қазақ зиялыларының тағылымды еңбектерімен танысты. Атап айтқанда, Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» шығармалары және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көптомдық мұралары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы бұйымдар мен нақыл сөздер жазылған көрнекіліктер қойылып, шара мазмұнын толықтыра түсті.
Айта кетейік, бес жыл бұрын құрылған «Сенімен Болашақ» бірлестігі бүгінде еліміздің 16 өңірінде жұмыс істеп, 160 мыңнан астам ата-ананы біріктіріп отыр. Ұйым құрамында 60-тан астам кәсіби маман еңбек етеді. Олар қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруды және отбасы институтын нығайтуды басты мақсат етіп келеді.
Форумға қатысқан қала тұрғыны, екі баланың әкесі Батыр Тұрсынов өз отбасындағы тәрбиелік ұстанымдарын бөлісті.
– Отбасында ең алдымен сыйластық пен ашық сөйлесу мәдениетін қалыптастыруға тырысамын. Балаларыммен күн сайын міндетті түрде әңгімелесіп, олардың мектептегі жағдайын, достарымен қарым-қатынасын сұрап отырамын. Үлкенімен де, кішісімен де жеке уақыт өткізуге мән беремін. Мысалы, демалыс күндері бірге серуендеуді немесе ортақ істермен айналысуды дәстүрге айналдырғанбыз. Осындай қарапайым қағидалар отбасындағы байланысты нығайтады, – деді ол.
Жиын соңында қатысушыларға бала тәрбиесіне арналған кітаптар таратылды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай форумдар қоғамдағы әкенің рөлін арттырып, отбасы құндылықтарының нығаюына және ұрпақ тәрбиесінің сапалы болуына оң ықпал етеді.
Ділназ Серікбай





