Қаламызда тазалық айлығы жалғасуда. Өткен сенбіде қала жұртшылығы «Өнер» ҚМС мен Екібастұздың 50 жылдығы атындағы көшебақ аралығындағы алаңқайға ағаш екті. 60 түп қарағай мен шырша өскіндерін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Екібастұз қаласы әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі жеткізді. Ағаш егу шарасына қала әкімі Аян Бейсекин, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер кеңесі, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, жастар қатысты.
Аян Уахитұлы сенбілікке кішкентай қызын ертіп әкеліпті: кішкентай көшетті отырғызған осынау сәт балақайдың көңілінде мәңгіге қалары анық. Жалпы, бала тәрбиесінде небір әдемі атауларға ие форумдар мен жиындардағы құрғақ сөздерден гөрі осындай жылы көріністер салмақты емес пе.
Аға буын өкілдері – өз заманында мұндай сенбіліктердің талайында тер төккен «Замандас» ардагерлер клубының мүшелері бұл жолы да кейінгі буынға үлгі көрсетті. Міне, 80 жасқа тақаған Қабдылуахит Ибраев «Екібастұзкоммунсервис» кәсіпорнының су тасығыш көлігімен жеткізілген судан шелекпен тасып, жаңа ғана егілген қарағайы түбіне баппен құйды. Қоғамдық шарадан сырт қалмайтын 90 жасқа тақаған батагөй ақсақал Амангелді Балабеков пен Дүйсенбай Жұматов та осында. Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Манат Алғамбаров пен мемлекеттік қызмет ардагері Мырзағали Ерғалиев те су жаңа күректі топыраққа кірш-кірш еткізіп, бала қарағайды жаңа мекеніне қондырды. Екінші қапталда жастар жағы гу-гу етіп аз ғана уақыт ішінде аядай жерді шағын баққа айналдырды.
Осылайша кезекті сенбілік кішігірім мереке сипатында өтті.
Ж.ЖАПАРОВА






