Биылғы жылдың 16 наурызында көктемгі әскери шақыруды ұйымдастыру басталған-ды. Осы науқанның қалай жүріп жатқанынан аппараттық кеңесте Екібастұз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Махамбет Түсіпбеков хабардар етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін облыстық медициналық комиссиядан 50 шақырылушы өткен екен. Солардың ішінен 27-сі әскерге жарамды, тағы 23-і шамалы шектеулермен жарамды болып шығыпты.
Жалпы, биылғы көктемде әскери қызметке 150 шақырылушы жіберілуі керек екен. 19 сәуірдегі есепке жүгінсек, әзірге 47 шақырылушы іріктеліп, әскерге жіберіліпті.
Қаралған мәселені талқылау үстінде қала әкімі Аян Бейсекин көктемгі әскерге шақыру науқанын әлі де ширата түсу керектігін айтты. Өйткені күзгі әскерге шақыру жоспары орындалмаған көрінеді. Сондықтан сөз болып отырған науқанға біріктірілген бөлім полиция басқармасы, өзге де қатысы бар ұйымдармен бірлесе қимылдап, нәтижелі әрекет етуі тиіс. Сонымен қатар, әскери борышты өтеу әр ер азаматтың парызы екені, мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін әскери бөлімдерде жағдай жасалғаны жайлы әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттар тарату, сұхбаттар жариялау жағы сөз болып, бұл міндет ішкі саясат бөліміне жүктелді.
Ж.Жәлелұлы



