21 сәуір күні қала әкімдігінде қала әкімі Аян Бейсекиннің төрағалығымен аппараттық кеңес өткізіліп, онда ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Абай Хакімов қысқы жылу беру маусымының 20 сәуірде толық аяқталғанын мәлімдеп, келесі жылу маусымына дайындық жайын баяндады.
Атап өтерлік жайт, жылу беру маусымы ойдағыдай өтіп, апаттық жағдайлар тіркелген емес. Жылу магистральдарында – 7, орамішілік желілерде 706 зақым анықталып, бәрі дер кезінде қалыпқа келтірілді. Ендігі міндет – келесі жылу беру маусымына қапысыз әзірлену. Осы орайда, «Екібастұз жылу желілері» ЖШС жылу желілерінде температуралық сынақ өткізеді. Бірінші кезеңде №№7,17,9,10, 1,5,8,12 жылу магистральдары, екінші кезеңде №№2,3,4,6,11,16,13,14,15, 7/1 жылу магистральдары сыналады. Осыдан кейін гидравликалық сынақтар өткізу жоспарланып отыр. Гидравликалық сынақтар кезінде анықталған зақымдарды жою үшін «Граппа Строй» ЖШС-мен 1 миллиард теңге сомасына шарт жасалыпты. Бүгінгі күні мердігер қажетті материалдарды әзірлеп, жөндеу бригадаларын жасақтап үлгеріпті.
Екібастұз жылу электр орталығы биыл жаз жөндеу жұмыстарына 8,9 миллиард теңге қаржы қарастырып отыр. Оған №9 қазандық агрегатында күрделі жөндеу, №12 және №14 қазандық агрегаттарында кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, №3 түтін құбыры, әкімшілік-тұрмыстық кешен де жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
Жылу желілерін жөндеу бойынша да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мұнда №№ 5,10, 11 және 16 жылу магистральдары қайта жарақталады. Бұл мақсатқа 5,9 миллиард теңге қаржы жұмсалады.
Күн тәртібіне шығарылған мәселені пысықтау кезінде қала әкімі Аян Уахитұлы жылу беру маусымының штаттық режимде өткенін, ол үшін қаншама ресурс пен күш-жігер жұмсалғанын атап өтіп, енді келесі жылу беру маусымына дайындықты да сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажеттігін жауапты тұлғаларға қадап тапсырды. Алдағы температуралық және гидравликалық сынақтар кезінде тұрғындардың сақ болуы үшін түсіндіру жұмыстарын өрістету жағы сөз болды. Жалпы, гидравликалық сынақтар 27-30 сәуір аралығында жүргізіледі. Одан соң белгілі болған ақаулар жөнделіп, мамыр мерекелері қарсаңында ыстық су беру көзделіп отыр.
Ж.Жәлелұлы




