№25 мектепте өткен «Ұлтын ұлықтаған асыл ана» атты тағылымды кеш – «Парасат» орденінің иегері, Павлодар облысының Құрметті азаматы, ел жадында өшпес із қалдырған Зара Қожахметованы еске алуға арналды. Шараға «Аналар кеңесінің» ақ жаулықты әжелері қатысты.
Кездесуде Зара Қабдешқызының өмір жолына арналған бейнеролик көрсетілді. Онда марқұмның жары мен ұлы оның адами болмысы, отбасындағы орны мен қоғамдағы еңбегі жайлы әңгімеледі. Бейнероликте оның «Нұр ана» бірлестігін құрып, отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдер құқығын қорғау және ана тілінің мәртебесін көтеру жолында атқарған қызметі туралы да айтылды.
Шара барысында сөз алған шәкірті Рысты Ахметова ұстазына деген сағынышын жасырмады, оның қамқорлығы мен адамгершілік қасиеттері туралы тебірене әңгімеледі.
Кездесуде гимназия қыздары әжелерге «Қазақ қызы ұяң болуы керек пе, әлде батыл болғаны жөн бе?» – деген сұрақ қойды. Кеш қонақтары екі қасиеттің де қолданылар өз орны бар екенін айтып, өжеттігімен танылған қазақтың батыр қыздарын тілге тиек етті.
Мектеп директоры Нәзигүл Махметқызы кездесуде сөз алып, ақ жаулықты әжелерге алғысын білдірді:
– Біз осындай ардагер ұстаздарымызды әрдайым қыздарымызға үлгі етіп отырамыз. Солардың қатарында гимназия-мыздың ардагер ұстазы, марқұм Қайырбану Омарова апайымыздың есімі де ерекше құрметке лайық. Бүгінде оның атында арнайы кабинетіміз бар, – деп, кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Кеш барысында 5 және 7-сынып оқушылары «Біз бақытты баламыз» және «Бақыт деген» әндерін шырқады.
Гүлсана Қуатқызы




