«Ардақ», «Шама», «Топайкөк» сияқты жауһар туындылар тудырып, есімін дүйім қазақтың жүрегіне ұялатқан әнші-сазгер Жарылғапбердінің соңына қалдырған мұрасы әндерімен ғана шектелмейді екен. Биылғы көктемде Алматы қаласындағы «Жедел басу баспаханасы» ЖШС-нен Жарылғап қажы Жұмабайұлының «Иман мағынасы» кітабы жарық көрді.
Бір ғажабы, бұл кітап алғаш рет сонау 1914 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан екен. Енді, міне, арада 112 жыл өткен соң қайта жарық көрген жәдігердің бір данасын редакцияға әншінің ұрпағы Құдайберген Тажмағанбетов әкеліп табыстады.
«Иман мағынасы» кітабына Қазақстан Республикасы Дін істері комитеті дінтану сараптамасының оң қорытындысы беріліп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптау комиссиясының мақұлдауымен басылыпты. Кітаптың аннотациясынан үзінді келтірейік: «Рухани мұра» сериясының 9-кітабына Жарылғап қажы Жұмабайұлының «Иман мағынасы» атты еңбегі енгізіліп отыр. Бұл діни-дидактикалық шығармада исламдағы иман негіздері қарапайым әрі түсінікті өлең жолдарымен баяндалады. Ақын иман шарттарын жас ұрпаққа ұғынықты поэтикалық тілмен жеткізуді мақсат еткен».
Қадым үлгісінде жазылған көне мұраны архивтен іздеп тапқан, қайта жарық көрген кітаптың кирилл әрпіндегі тәржімасын, латынша транскрипциясын, қадімше қайта терілген түпмәтінін, ғылыми қосымшаларын дайындаған – жас ғалым Бауыржан Мырзақұл.
Айтпақшы, Орынборда басылған кітаптың төрт данасы Алматыдағы Ұлттық кітапханада, Ғылым ордасының Орталық ғылыми кітапханасында, Санкт-Петербургтегі Ресей Ұлттық кітапханасында және Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасында сақталған екен. Тағы бір таңқаларлық жайт, «Жарылғап өлеңі» атты 26 беттік қолжазба да табылып отыр. Оны 1956 жылы 8 желтоқсанда Жарылғап қажы Жұмабайұлының ағасы – Жұмағұлдың шөбересі Тажмағанбетұлы Нұрахмет көшіріп жазып, баласы Құдайбергеннің жеке қорында сақталыпты.
Ж.Бұланбай



