17 сәуір күні «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен қала жастары арасында ерекше форматтағы «ECO SANA» интеллектуалды ойыны өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатты аялау идеясын кеңінен насихаттау және экологиялық сауаттылықты дамыту.
Интеллектуалды сайысқа 4 адамнан құралған 10 команда қатысты. Олардың қатарында қала жастары мен колледж студенттері болды. Мұндай формат экология тақырыбына қызығушылық танытқан жас буынға өз білімін сынап қана қоймай, жаңа мәліметтерді бөлісуге мүмкіндік берді.
Ойын бірнеше кезеңнен тұрды. Әр турда қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі, тұрмыстық қалдықтарды басқару, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану сынды өзекті тақырыптар бойынша сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, логикалық тапсырмалар мен блиц-сұрақтар да беріліп, командалардың шапшаңдығы мен тапқырлығы сынға түсті.
Сайыс барысында жастар жоғары белсенділік танытып, өздерінің білімі, тапқырлығымен және командалық үйлесімділігімен ерекшеленді. Әр кезең қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік нәтижелерді анықтап отырды.
Қорытындысында жүлделі І орынды Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институты колледжінің студенттері иеленсе, ІІ орын Екібастұз медициналық колледжінің студенттеріне бұйырды. Ал ІІІ орынды Инновациялық Еуразия университетінің жоғары Екібастұз колледжі қанжығасына байлады. Жеңімпаз командалар қаржылай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Іс-шара аясында қатысушылар мен көрермендерге экологиялық мәдениет туралы ақпараттық буклеттер таратылып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, суды үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау бойынша пайдалы кеңестер берілді.
Ділназ Серікбай



