Қалада интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында брифинг өтіп, онда прокуратура мен полиция өкілдері тұрғындарға маңызды ескертулер жасады. Жиынға Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары Талғат Бектасов пен полиция басқармасының жедел аға уәкілі Данияр Қамзин қатысып, соңғы уақытта белең алған қылмыстардың жай-жапсарына тоқталды.
Т.Бектасовтың айтуынша, интернет алаяқтық деректері күн сайын тіркеліп, зардап шеккендер саны артып келеді.
– Алаяқтардың арбауына түсіп жатқан азаматтар аз емес. Көп жағдайда адамдар өздерінің жеке деректерін, банк карталарының мәліметтерін бөгде адамдарға сеніп тапсырып қояды. Мұндайға жол бермеу керек, – деген ол күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
«Ақшаңызды көбейтеміз», «инвестиция салсаңыз, табысыңыз бірнеше есе артады» деген жарнамалар – алаяқтардың айласы. WhatsApp арқылы таныстарыңыз ақша сұраса, оның расында сол адам екеніне көз жеткізгеніңіз жөн. Соңғы кезде кең тараған алаяқтық тәсілдер: SIM-картаның мерзімін ұзарту туралы қоңыраулар, коммуналдық қызмет немесе банк қызметкерлері атынан хабарласу. Ресми ұйымдар ешқашан құпия код немесе пароль сұрамайтын біліп жүрген абзал. Интернеттегі күмәнді сілтемелерді де ашпаңыз.
– Кейде олар полиция, прокуратура немесе ҰҚК қызметкері ретінде хабарласып, арнайы киіммен бейнеқоңырау шалуы мүмкін. Бұған да сенуге болмайды, – деді Т.Бектасов.
Жедел аға уәкіл Данияр Қамзин интернет алаяқтықтың нақты мысалдарын келтіріп, мәселенің қаншалықты күрделі екенін жеткізді:
— Соңғы үш айда 58 алаяқтық фактісі тіркелсе, соның 51-і – интернет алаяқтық. Осы уақыт аралығында тұрғындар 209 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылды.
Аға уәкілдің айтуынша, алаяқтар көбінесе инвестиция ұсынып, адамдарды алдайды:
— Мұндайға тек зейнеткерлер ғана емес, тұрақты жұмысы бар азаматтар да сеніп қалып жатыр. «Жеңіл табыс» дегенге алданып, бар ақшасынан айырылып жатқандар көп, — деді Д.Камзин.
Осы тұста құқық қорғаушы келтірген цифрларға тоқталсақ. Жыл басынан бері 12 зейнеткер 52 035 300 теңгеге алданыпты. Жұмыс істемейтін 15 тұрғын 87 715 949 теңге қаражатынан қағылған. Ірі кәсіпорындар, білім бөлімі, коммуналдық қызметте жұмыс істейтіндер де біршама ақшасын алаяқтардың қалтасына салып берген.
Құқық қорғаушылар ерекше тоқталған мәселелердің бірі – дропперлік. Бүгінде жастар, студенттер өз есепшоттарын басқа адамдарға беріп, абайсызда қылмысқа қатысушы болып жатыр. Дропперліктің заң алдында жауапкершілікке әкелетінін көбі әлі де жете түсінбей жүр.
Брифинг барысында алаяқтықтың нақты бір ауыр жағдайы мысал ретінде келтірілді. Қала тұрғыны «оңай табыс табамын» деген үмітпен алаяқтардың сөзіне сеніп, өз пәтерін сатып жіберген.
Бір әйел 7 миллион теңгеге пәтерін сатып, үстіне 2 миллион теңге қарыз алып, барлығын алаяқтарға жіберген. Сақтандырып ескертуге барған полиция қызметкерлерін үйіне кіргізбеген. Тіпті өз есепшотын да алаяқтарға беріп қойыпты. Соның салдарынан оның шоты дропперлік шот ретінде пайдаланылған. Қазір дроппер ретінде өзі де жауапкершілік арқалағалы отыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырады.
– Бейтаныс нөмірлермен бейнеқоңырауға шықпаңыз, бет-жүзіңізді көрсетпеңіз. Бұл деректер верификация үшін қолданылуы мүмкін. Егер қандай да бір кодты айтып қойсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласыңыз, – деп кеңес береді олар.
Сондай-ақ полиция екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Банк қызметкерлері ірі көлемде ақша шешіп немесе несие алып жатқан азаматтардан «Бұл қаражат не үшін керек? Алаяқтардың құрбаны болып жатқан жоқсыз ба?» – деп нақтылап сұрайтын болады.
Жыл басынан бері интернет алаяқтық бойынша екі қылмыстық іс сотқа жолданып, бір азамат сотталған. Ал өткен жылы мұндай 51 іс толықтай қаралған.
Құқық қорғау органдары алдын алу жұмыстарын да күшейтіпті. Осы орайда дропперлікке жол бермеу үшін мектептер мен колледждерде кездесулер ұйымдастырылып, 1500-ге жуық жасқа түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Интернет алаяқтықтың алдын алудың ең тиімді жолы – сақтық пен ақпараттық сауаттылық. «Шығасыға иесі басшы» демей ме. Сондықтан кез келген күмәнді ұсынысқа сын көзбен қарап, жеке деректерді қорғай жүргеніңіз дұрыс.
Г.Медеубайтегі




