Теміржол ауылдық округіне Құлакөл, Қарасор, Құдайкөл елді мекендері қарайтыны белгілі. Соның ішінде Қарасор аймаққа кен байыту комбинатымен әйгілі. Осы комбинатты көп жыл басқарған, бүгінде бақилық болған Асқар Омаров сонау жылдары ауылдастарына өз қаражатына клуб салып бергізген-ді.
16 сәуір күні сол клубта Екібастұз қаласы әкімінің есеп беру жиыны өтті. Кездесуде тұрғындар әдеттегідей өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Мектеп мұғалімі Қамажай Аманбаева елді мекен көшелерін асфальттау мәселесін көтеріп, жергілікті білім ошағында оқушылар саны жылдан-жылға азайып бара жатқанына шағынды.
– Екібастұз ауданы қалаға біріктірілген соң ауылдық аймақтың дамуы кенжелеп қалған екен. Жағдайды түзеу мақсатында 2022 жылы жоғары жаққа мәселені жеткізіп, мемлекеттік ауылдық аймақтарды дамыту бағдарламасынан қаржы бөлінуіне қол жеткіздік. Соның нәтижесінде Бәйет, Ақкөл, Қоянды ауылдарының көше жолдары, өңірдегі елді мекендерге кіреберіс жолдар асфальтталды. Осылайша, аталмыш жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Ал Қарасор жайлы айтар болсақ, елді мекенді 2027 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізуге тырысамыз, – деді қала басшысы Аян Бейсекин.
Мектептегі азайып кеткен бала санын көбейту жеңіл емес. Рас, қала билігі оңтүстік өңірден жұмыс күшін тарту мәселесімен айналысып жатыр. Кен байыту комбинаты бар Қарасор, «КорнАгро» ЖШС сияқты ірі ауыл шаруашылық құрылымдары бар Құдайкөл – келешегі зор елді мекендер санатында. Қоныс аударушылар көшін осы жақтарға бұру үшін жұмыс күшін қажет ететін ұқсату кәсіпорындарын ашу міндеті тұр.
Қара мал өсіруді кәсіп етіп отырған «Санду» шаруа қожалығының иесі – Ерлан атты азамат былтырдан бері сайғақтардың жайылымды таптап, шаруашылыққа зиян тигізіп жатқанын айтты. Қала әкімінің айтуынша, бұл мәселе жылдан-жылға өзекті болып тұр. Теміржол ауылдық округі аумағында ғана емес, Шиқылдақ пен Әлкей Марғұлан ауылдары аумағында да ақбөкендер өріп жүр. Облыс басшылығы аталмыш проблеманы салалық министрлікпен талқылап жатқан көрінеді. Одан қандай нәтиже шыққаны кейін хабардар етіледі.
– Елді мекен тұрғындары электр қуатын комбинат арқылы тұтынып отыр. Негізі билік бөлек трансформатор қойылып, жеке электр желілері тартылады деген-ді. Осы мәселе қашан шешіледі? – деп сұрады Қарасор кен байыту комбинатының директоры Төлеген Абаев.
Бұл проблема атқарушы биліктің қаперінде екен. Қазіргі уақытта «Павлодарэнерго» кәсіпорны басшылығымен мәселе талқылануда.
Тұрғындармен кездесудің соңында округ әкімі кім болады деген әңгіме қозғалды. Бұған дейін Теміржол ауылдық округі әкімі лауазымын атқарып келген Талғат Ахметбеков қызметінен кеткен-ді. Енді бұл қызметті атқаруға Шідерті кентіндегі «Юбилейный» мәдениет үйінің директоры Бауыржан Жанайдаров үміткер болып отыр.
Ж.Жәлелұлы



