Қазақстанда қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың бірі – тұрғын үй мәселесі. Әсіресе, бұрын түрлі себептермен қараусыз қалған немесе иелері тастап кеткен пәтерлердің құқықтық мәртебесі көпшілікті алаңдатады. Оның үстіне, жыл сайын өңірде тұрғын үй қорын толық тексеріп, түгендеу (инвентаризация) жүріп жатыр. Оның барысында бос тұрған пәтерлер, иесіз қалған тұрғын үйлер және заңсыз тұрып жатқан азаматтар анықталады.
Осы мәселелерді түсіндіру мақсатында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Гүлжан Зарлықова және «Отбасы банк» АҚ Екібастұз филиалы қызмет көрсету орталығының басшысы Әмір Жақсылықов тұрғын үй заңнамасындағы маңызды тетіктерді жан-жақты түсіндіріп берді.
2000-ші жылдардан бері кейбір азаматтардың шетелге көшуі немесе коммуналдық төлемдерді төлей алмауы салдарынан көптеген пәтерлер иесіз қалып қойғаны белгілі. Осындай бос қалған баспаналарға кейін өзге азаматтар кіріп, жөндеу жүргізіп, оны тұрақты тұрғын үйге айналдырған жағдайлар жиі кездеседі. Алайда олардың көпшілігі пәтерде жергілікті атқару органы берген уақытша тұру анықтамасымен ғана тұрып жатқандықтан, бұл мәселені ұзақ уақыт бойы көтермей келген. Көптеген тұрғындардың «үйден шығарып жібереді» деген қорқынышпен пәтерді жекешелендіруге батылы жетпеген.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, егер тұрғын үйдің бұрынғы иесі ұзақ уақыт бойы өз мүлкіне қарамаса, оны күтіп ұстамаса және салық төлемесе, бұл «мүліктен бас тарту» ретінде қарастырылуы мүмкін. Осындай жағдайда «иемдену мерзімі» қағидаты қолданылады. Бұл нормаға сәйкес, азамат пәтерде жеті жылдан астам уақыт бойы адал, ашық және үздіксіз тұрып келсе, сот арқылы меншік құқығын талап етуге құқылы.
Сот тәжірибесінде мұндай істер нақты дәлелдерге сүйене отырып қаралады. Егер пәтердің заңды иесі табылмаса немесе мұрагерлері болмаса, сот «иемдену мерзіміне» сүйене отырып тұрғын үйді сол азаматтардың меншігі деп тануы мүмкін.
Алайда бұл тәртіп мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерлерге қолданылмайды.
Өңірде жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстары да осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі. Бұл жұмыс тұрғын үй қорын тиімді басқаруға, есепке алуға және заңсыз пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді. Осы уақыт ішінде иесіз тұрған пәтерлер, баспаналарда заңсыз тұрып келген азаматтар анықталуда.
Қазіргі таңда коммуналдық меншікте 3071 пәтер бар, олардың 440-ы Солнечный кентінде орналасқан.
Түгендеу кезінде кейбір азаматтар өз құқықтарына алаңдайды. Мәселен, вахталық әдіспен жұмыс істейтін тұрғындар ұзақ уақыт үйінде болмағандықтан, пәтер бос деп танылып қала ма деп қауіптенеді. Спикерлердің айтуынша, егер коммуналдық төлемдер уақытылы төленіп, көршілерге қолайсыздық келтірілмесе, мұндай жағдайда ешқандай мәселе туындамайды.
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекеттік пәтерде тұрған азамат қайтыс болған кездегі жағдай. Гүлжан Шаяхметқызының түсіндіруінше, мұндай жағдайда пәтер бірден мемлекетке қайтарылып алынбайды. Қайтыс болған жалдаушымен бірге тұрған және сол жерде тіркелген отбасы мүшелері тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтайды. Олар жалдау шартын өз атына қайта рәсімдеп, кейін пәтерді жекешелендіре алады. Алайда егер пәтер жеңілдікпен берілген болса, бұл жеңілдік мұрагерлерге толық көлемде берілмейді, сондықтан тұрғын үйді қалдық құны бойынша сатып алу қажет болады. Бұл соманы бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Кәмелетке толмаған, жетім және қамқорлықсыз қалған балаларға берілген пәтерлерге қатысты да нақты талаптар бар. Қорғаншы мұндай тұрғын үйді жалға бере алады, бірақ бұл үшін міндетті түрде қорғаншылық органының жазбаша рұқсатын алуы қажет. Сонымен қатар жалға беруден түскен қаражат баланың жеке есепшотына аударылып, оның қажеттіліктеріне жұмсалуы тиіс. Пәтердің сақталуына да қорғаншы жауап береді.
Брифинг барысында Әмір Жақсылықов тұрғын үй алу шарттары мен мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. Былтырдан бері тұрғын үй саясатына маңызды өзгеріс енгізіліп, пәтер алу үшін кезекке тұру және тұрғын үй бөлу функциялары «Отбасы банкке» берілгені белгілі. Бұрын бұл қызмет жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылса, қазір ол біртіндеп бірыңғай цифрлық платформаға көшіріліп жатыр. Бұл өзгеріс тұрғын үй кезегінің ашықтығын қамтамасыз етіп, барлық процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Әмір Жақсылықовтың айтуынша, бұл жаңашылдық тұрғындардың белсенділігін арттырған. Егер бұрын баспана кезегінде шамамен төрт жарым мың адам тұрса, қазіргі таңда олардың саны 6500-ге жеткен. Сонымен қатар банк тарапынан жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын ұсынып, азаматтарға қолжетімді несие құралдары түсіндірілуде. Банк маманы баспана сертификатын алу жолдарын да түсіндіріп, бұл құралдың алғашқы жарнаны төлеуге көмектесетін тиімді тетік екенін атап өтті.
Тұрғын үй саласындағы өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға, процестердің ашықтығын арттыруға және баспанаға мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған. Алдағы уақытта проблемалар туындамас үшін кез келген тұрғын үйді уақытында заңдастырып, қажетті құжаттарды дер кезінде рәсімдеп алған жөн.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ




