Адам өмірін сақтап қалған мына оқиға екібастұздық жұртшылықты бей-жай қалдырмады. Қауіпті сәтте батылдық танытқан 59 жастағы Тоқан Байділдин екінші қабаттағы ашық терезе алдында отырған сәбиді құлап кетуден аман алып қалды.
Оқиға демалыс күндерінің бірінде орын алған. Немересімен бірге аулада серуендеп жүрген азамат балалар алаңынан көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы ашық терезе алдында отырған баланы байқап қалады. Қауіпті дер кезінде аңғарған ол бір сәт те кідірместен көмекке ұмтылады.
– Бала терезе алдында ойыншықтарын сыртқа лақтырып ойнап отырды. Алдымен «үйге кір» деп ескерттім, бірақ тыңдамады. Оның кез келген сәтте тепе-теңдігін жоғалтып, құлап кетуі мүмкін екенін түсініп, дереу жүгірдім, – дейді Тоқан Байділдин.
Ол бірінші қабаттағы терезенің темір торына өрмелеп шығып, сол арқылы екінші қабаттағы балконға жеткен. Кейін бала отырған терезеге жақындап, сәбиді ұстап тұрып, ата-анасын дауыстап шақырады. Осы сәтте анасы жүгіріп келіп, баласын құшағына алып, терезені бірден жауып үлгерген.
Кейін белгілі болғандай, бала сол сәтте үйде анасымен бірге болған. Анасы сол мезетте шаруаға айналып кетсе керек. Осындай қас қағым сәттің өзі орны толмас жағдайға әкелуі мүмкін еді. Дегенмен Тоқан Байділдиннің жедел әрекеті арқасында қауіптің алды алынды. Ол есікті қағып, пәтерге кіріп, баланың қауіпсіз жерде екеніне көз жеткізген соң ғана төмен түскен.
– Мен үшін ең бастысы үлгеру болды. Әр секунд санаулы еді. Өзім де үш немеренің атасымын, сондықтан бөтеннің баласы деп қараған жоқпын. Мұндай жағдайда бей-жай қалуға болмайды, бұл — әр азаматтың адамдық борышы, — дейді ол.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ержүрек азаматты арнайы қабылдап, қала жұртшылығы атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар Тоқан Байділдинге 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыстады.
– Сіз нағыз ерліктің үлгісін көрсеттіңіз. Бұл – қоғам үшін аса маңызды іс. Өскелең ұрпақ сіз сияқты батыл азаматтарға қарап бой түзейді. Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы осындай 7 жағдай тіркелсе, өткен жылы 2 оқиға орын алған. Мұндай батыл қадамдар қоғамымызда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Көрсеткен ерлігіңіз үшін сізге ризамыз, – деп атап өтті Аян Бейсекин.
Ділназ Серікбай




