Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде көптен күткен №22 жаңа өрт сөндіру бөлімшесі ресми түрде пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Шыңғыс Әрінов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рустамбек Амрин қатысты.
Бөлімшенің ашылу салтанатында Төтенше жағдайлар министрі жаңа бөлімшенің стратегиялық маңызына тоқталып, бұл жобаның өңір тұрғындарының қауіпсіздігін нығайта түсетінін айтты.
– 20 жылдан астам уақыт бойы бұл аумақта жеке өрт сөндіру бөлімі болған жоқ. Соның салдарынан төтенше жағдай кезінде жақын маңдағы елді мекендерден көмек шақыруға тура келетін. Жаңа бөлімшенің іске қосылуы жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді министр Шыңғыс Әрінов.
Салтанатты рәсім барысында министр бөлімшенің бастығы, азаматтық қорғау майоры Асхат Амангелдіге жаңа ғимараттың кілтін табыстады. Сондай-ақ, бөлімше заманауи техникамен толықтырылып, АЦ 5-40, АЦ 3-40 өрт сөндіру автоцистерналары мен қызметтік Toyota Hilux автокөлігі берілді.
Шара аясында азаматтық қорғау саласына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Олардың қатарында өндіріс және энергетика саласының өкілдері, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері бар.
Бұл күні «PROM-Service» ЖШС бас директоры Антон Ващенкоға «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағылды. Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов Төтенше жағдайлар министрлігінің құрмет грамотасымен, ал «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ басқарма төрағасы Болат Қашағанов, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автомобильдерінің жүргізуші-қызметкері – азаматтық қорғау аға сержанты Жанболат Таукенов алғыс хатпен марапатталды.
Өз кезегінде облыс әкімі Асайын Байханов жаңа нысанның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
– Солнечный кенті мен оған жақын орналасқан ауылдық округтердің тұрғындары үшін бұл бөлімшенің маңызы зор. Сонымен қатар, биыл кенттің 40 жылдығына орай инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асады, – деді өңір басшысы.
Құттықтау сөзінен соң аймақ басшысы азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек етіп жүрген қызметкерлерді марапаттады. Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғау органдары ардагері Болат Қазеновтің өңіріне «Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісін тағып, Екібастұз қаласының ТЖБ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Темірбек Айсабековке құрмет грамотасын табыстады.
Салтанатты шара аясында дәстүрлі лента қию рәсімі өтіп, қонақтар жаңа нысанды аралап көрді. Министр арнайы тілектер кітабына жазба қалдырды.
Жаңа өрт сөндіру бөлімі заманауи талаптарға толық сай салынған. Жалпы ауданы 600 шаршы метрден асатын ғимаратта қызметкерлерге барлық жағдай қарастырылған: дәрісхана, демалыс және психологиялық жеңілдеу бөлмелері, жатын орындар, жуыну бөлмелері мен жаттығу залы бар. Бөлімше тәулік бойы жұмыс істеуге бейімделген.
Штатта 18 адам жұмыс істейді. Қызмет кезекшілік ауысыммен ұйымдастырылған. Жаңа бөлімше Солнечный кентінің 8 мыңнан астам тұрғынын және Сарықамыс ауылдық округіне қарасты елді мекендерді, сонымен қатар, маңайындағы 11 ауылдың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сол күні тағы бір маңызды нысан – Қарасор ауылында «Ауыл құтқарушылары» бекеті ашылды. Бұл бекет те заманауи модульдік технологиямен салынған және қажетті техникамен, байланыс құралдарымен, диспетчерлік жүйелермен толық жабдықталған. Мұнда қызметкерлерге арналған тұрмыстық және қызметтік бөлмелер қарастырылған.
Бекеттің ашылу салтанатына ҚР ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қатысты.
Жаңа нысандардың ашылуы шалғай ауылдардағы төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын қысқартып, құтқару жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Осылайша өңірде азаматтық қорғау жүйесін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







