15 сәуір күні «MAXI MALL» сауда-сауық орталығында қазақ халқының махаббат символына айналған Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Қала тұрғындары үшін ерекше форматта өткен бұл кеш рухани мазмұнымен де, көркем бағдарламасымен де көпшіліктің көңілінен шықты.
Шараны ұйымдастырушы – «MAXI MALL» сауда үйінің маркетологы Ардақ Алдабергенов:
– Мереке қарсаңында қала тұрғындары үшін осындай кеш ұйымдастыруды жөн көрдік. Бұл – алғашқы тәжірибеміз. Барша көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлай алдық деп ойлаймыз. Алдағы уақытта бұл шараны жыл сайынғы дәстүрге айналдыру жоспарда бар, – деп атап өтті.
Концерттік бағдарламада қаламыздың талантты өнерпаздары – Алтынгүл Бақытхан, Нұрмағамбет Захан, Арайлым Әлімбай, Ғабит Руслан және «Самұрық» би ансамблі өнер көрсетіп, көрерменге әсерлі ән мен әсем биден шашу шашты.
Мерекелік кеш «Maxi Cinema» кинотеатрында жалғасын тапты. Мұнда ардагерлерге «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» фильмі тегін көрсетілді.
Туынды желісі Сарыбай мен Қарабайдың аң аулау кезінде құда болып, Қозы мен Баянды атастыруынан басталады. Сол сәтте ұлды болғанын естіген Сарыбай баласын көре алмай, қапыда қаза табады. Атастырылған Қозы мен Баян бір-бірін көрмесе де, шынайы сезімге беріледі. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім жігітке бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар айласын асырып, Қозыны қастандықпен өлтіреді. Қайғыдан қан жұтқан Баян кек алу үшін айлаға көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдық түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп жібереді. Соның салдарынан Қодар тұңғиыққа құлап, мерт болады. Осылайша Қозының кегі қайтарылады. Ал Баян сүйіктісінің күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып өмірмен қоштасады.
Фильм көрсетіліміне жиналған көрермен қарасы қалың болды. Зал лық толып, сеанс соңында жиналғандар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, өз әсерлерін бөлісті. Көпшілік мұндай тағылымы мол шаралар жиі өткізіліп тұрса деген ниет білдірді.
Ділназ Серікбай






