Рухани ортада «қос қанатты ақын» атанған Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысы Арал ауданының Шөміш станциясында өмірге келіп, 2021 жылы 15 ақпанда бақилық болды.
Талантты ақынның соңында мол мұрасы қалды. Жиырмаға жуық жыр кітабы жарық көріп, ақынның 300-ден астам өлеңіне ән жазылып, ел ішінде кеңінен таралды.
Шөмішбай Сариев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерінің, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медальдің иегері. Лирик ақынның 80 жылдығына орай, туған күні – 15 сәуірде Екібастұз қаласының тарихи-өлкетану музейінде шара ұйымдастырылды. Музейлік сабаққа ИнЕУ колледжінің студенттері қатысып, ақынның өмірі һәм шығармашылығынан хабардар болды. Бұл орайда, экраннан көрсетілген «Тұлға» фильмі жас буынды көрікті ойларға жетеледі. Көзі тірісінде түсірілген фильмде Шөмішбай ақын: «Ақындық – ерекше құбылыс, Тәңірдің берген сыйы», – дей келе, поэзия әлеміне қалай қадам басқанын баяндайды. Оның әкесі Нағашыбай жыршы, күйші болған екен. Бала күнінен өлеңге құмар болған Шөмішбай Сыр бойының белгілі ақыны Серікбай Шүкіровті ұстазы санап, балаң жырлары алғаш рет аудандық газетте жарияланады. Алматыда білім алып, республикалық газет-журналдарда қызмет ете жүріп, белгілі сазгер Кеңес Дүйсекеевпен шығармашылық одақ құрады. Сөйтіп сөзін Шөмішбай ақын жазып, әнін сазгер Кеңес Дүйсекеев шығарған «Атамекен-ай», «Қарағым-ай» туындылары өнер сүйген қауымнан жоғары бағасын алады. Атақты әншілер Роза Рымбаева, Нұрлан Өнербаевтың орындауында бұл әндер ел арасында кеңінен таралғаны белгілі.
Шөмішбай Сариевтің өлеңдеріне жазылған көптеген әндерді кейінгі толқын әншілер: Төреғали Төрәлі, Әли Оқапов, Димаш Құдайбергенов және т.б. орындап жүргені туындылардың өміршеңдігін білдіреді.
Сөз болып отырған шарада колледж студенттері Шөмішбай ақынның өлеңдерін қазақша-орысша жатқа оқып, дәстүрлі әнші Жомарт Қабыкенов «Қарағым-ай», «Атамекен-ай» әндерін нақышына келтіре орындады.
Шарада сөз тізгінін экскурсовод Қанағат Уразкулова ұстап, музей маманы Ерлан Қабдылов ақынның көрмеге қойылған кітаптары жайлы әңгімеледі.
Сыршыл ақын «Ұлылық» поэмасында ұлылықтың үш өлшемі – таудай биік, даладай кең, теңіздей терең болу деген ой түйген екен. Өміріне осы үш өлшеммен қарай білген Шөмішбай ақын мұрасы халқымен бірге жасай бермек.
Ж.Бұланбай




