6–8 сәуір аралығында мүгедектігі бар спортшылар арасында тоғызқұмалақтан облыстық чемпионат өтті. Аталған жарысқа Екібастұз қаласы спортшылары да белсенді қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында өткен сайыстарда екібастұздық қатысушылар ерекше көзге түсті. Атап айтқанда, Динара Диярова, Бауыржан Сырымбетов және Қайрат Қабыржанов шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі бірінші орындарды иеленді. Әлия Мыңбаева үшінші орынға тұрақтап, команданың қоржынына тағы бір жүлде салды.
Тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында да бәсеке қызу болды. Бұл санатта Надежда Марченко бірінші орын алып, үздік нәтиже көрсетті. Талғат Смағұлов – екінші орынға, Гүлмира Байтемірова мен Төлепберген Жомартов үшінші орынға ие болды.
Жарыс барысында спортшылардың дайындығы мен жігері айқын байқалды. Бұл жетістіктерде жаттықтырушылардың еңбегі зор. Осы орайда Ардақ Қанапашев және Қуаныш Бүлкенов спортшыларды жарысқа тыңғылықты дайындап, жоғары нәтижеге жетуіне үлкен үлес қосқанын атап өткіміз келеді.
Кенже ҚУАТ





