14 сәуір күні Екібастұз қаласындағы «Достық үйінде» «Достық пен келісім» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Жастар бастамаларын дамыту орталығының қолдауымен «Ассамблея жастары» ұйымы ұйымдастырды. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайту, бейбітшілік пен келісім құндылықтарының маңызын кеңінен түсіндіру.
Қазіргі таңда көпұлтты қоғамда татулық пен тұрақтылықты сақтау – маңызды міндеттердің бірі. Осы тұрғыда ұйымдастырылған жиын түрлі буын өкілдерінің басын қосып, ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді. Шара барысында қатысушылар қоғамдағы келісімді нығайтудың жолдарын талқылап, өз тәжірибелерін бөлісті.
Алғашқы болып сөз алған Екібастұз өңірлік «Аналар кеңесінің» төрайымы Мәруаш Сағындықова қоғамдағы келісім мен бірліктің бастауы отбасынан басталатынын айтты. Ол отбасы тұлғаның алғашқы тәрбие алатын ортасы екенін атап өтіп, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөліне ерекше тоқталды. Мәруаш апаның пікірінше, қазіргі кезеңде балаларға төзімділік, сабыр және өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарау секілді қасиеттерді сіңіру аса маңызды. Бұл ойды «Братство» славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Марина Лазарева жалғастырып, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтудағы қызметіне тоқталды. Оның айтуынша, түрлі мәдени іс-шаралар, ортақ жобалар мен кездесулер халықтар арасындағы байланысты күшейтіп, бір-бірін жақынырақ тануға мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың тиімді құралдарының бірі болып табылады.
Жиын барысында жастардың да пікірі назардан тыс қалмады. Жастар атынан сөз сөйлеген Алина Сурдейкина қазіргі таңда жас буынның қоғамдық өмірге белсенді араласып жүргенін атап өтті. Ол түрлі әлеуметтік жобалар мен бастамалар арқылы жастар қоғамдағы бірлікті нығайтуға өз үлесін қоса алатынын жеткізді. Кездесу барысында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, өз ойларын бөлісті. Әсіресе отбасы құндылықтарын сақтау, этномәдени бірлестіктердің қызметі және жастардың қоғамдағы рөлін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті. Қатысушылар да өз кезегінде айтылған ойлар мен ұсыныстардың алдағы уақытта нақты бастамаларға ұласатынына сенім білдірді.
Ділназ Серікбай





