«Атамұра» мәдениет орталығы Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Жұмағали Қоғабайдың Астана қаласына қоныс аударуына орай «Ақ жол, асыл аға! Жаңа белес – Астана!» атты кеш ұйымдастырды.
Жұмағали ағаның өмір баспалдақтарын, азаматтық қадамдарын, қоғамға сіңірген еңбегін, әсіресе, ана тілімізді өрге бастыруда төккен терін бір кештің аясына сыйдыру, әрине, мүмкін емес.
Десе де еңбек жолына қысқаша шолу жасасақ, Жұмағали Бижанұлы 1983-1985 жылдары Бүкілодақтық екпінді құрылыс – жылу-энергетика кешені – МАЭС-1 станциясында кезекші электр слесарі, аға инженер, 1985-1989 жылдары Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінде тілші, 1989-1998 жылдары Екібастұз қаласында ашылған радиохабар тарату редакциясында аға редактор, 2000-2012 жылдары «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мемлекеттік тілдегі құжаттар редакторы қызметтерін атқарды.
Ал Жұмағали ағаның Екібастұз педагогикалық училищесінде ұстаздық еткен жылдары жайлы ардагер ұстаз, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Жеңіс Мейірман былай деп естелік шертеді:
– Жұмағали Бижанұлымен 1978 жылы Екібастұз педучилищесінде әріптес болып қызметті бірге бастадық. Екеуіміз де филологпыз. Алғаш оның ақындық шабытын сезген мен жас ақынның шығармашылығына арнап педучилищеде оқушылармен кездесу өткіздім: «Алға» газетінде ол туралы мақала да шыққан. Райхан екеуінің осы «Атамұрада» өткен үйлену тойында болып, жас отауға баянды бақыт тіледік. Содан бері қырық жылдай уақыт өтіпті. Жұмағали тіл жанашыры, ұлттық құндылықтардың ұйытқысы, қаламы жүйрік жазушы, ақын ретінде байсалды азамат болып қалыптасты.
«Екібастұз – менің жалынды жастық шақтарым,
Өзіңнен артық сүйкімді қала таппадым.
Жәудір көз қызың жарыма менің айналып,
Көмірің мен өңіріңді мақтадым», – деп өзі жырлағандай, өлеңдегі өрнегін көмірлі қалада нақыштады. Жұмағалидың бар өмірі менің көз алдымда: тіл үшін тебірене, тепсіне сөйлеп шырылдады, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды, демократиялық қозғалыс басталғанда «Азат», «Алаш» партияларының жанынан табылды, қайда жүрсе де ұлттық мүдденің, рухтың басым болғанын қалап, ұлтжандылық позициясын жоғалтпағанына тәнтімін. «Ақындар айтып өледі, арманын бүкіл пенденің», – деп белгілі ақын айтқандай, Жұмағали «Екібастұздан ескен леп», «Дүмпуі көп дүние», «Жаңбырлы күн» атты жыр жинақтарында қоғамның тыныс-тіршілігін дөп басып бейнеледі. Жаны нәзік ақын, әсіресе, балаларға арнап өлең-жырлар, көмекші құрал, «Ата мен немере» атты өлеңдер мен әңгімелер жинағын шығарды. «Ел азаматы» деректі кітабы, «Дала қыраны туралы хикая», «Алақаны аялы» повестері, «Шақшан таудың шар болаты» деректі баяны, «Ұлағатты ұстаз – Әбікей Сәтбаев», т. б. кітаптары оқырманға жол тартты.
Бүгінде ел ағасы жасына жеткен Жұмағали Бижанұлы – Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» атағының иегері, дүмпуі көп дүниеден өз орнын тапқан, ел тәуелсіздігінің баянды болуында аянбай тер төккен азамат. Жұбайы Райхан – ел мақтанышы – Қаныш Сәтбаев әулетінен, балалары мен немерелерін ел мүддесіне сай, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін ұрпақ етіп тәрбиелеп отырған ата-ана, ата-әже.
Кеште Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин қаламгерге ілтипат білдіре келе, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың лебізін жеткізді және шапан кигізді. Бұдан кейін С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің оқушылары Жұмағали ақын жырларын жатқа оқыды. Осы тұста Жұмағали Қоғабаевтың 90-шы жылдардың басында осы білім ошағының ашылуына зор еңбек сіңіргенін айтап өту ләзім. Бұл туралы кеште Екібастұз қаласының экономикалық, әлеуметтік дамуына зор үлес қосқан азамат, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик, отыз жылға жуық кеңес-партия саласында қызмет атқарған Қайыржан Әбілтаев толымды әңгімелеп берді. Кеш иесіне, сондай-ақ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов, «Amanat» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мәриям Мәлікова қошемет көрсетіп, ұстаз, тіл жанашыры Гүлбаршын Сейітова қаламыздағы қазақ тілі мұғалімдері атынан ақын мен оның жарына шапан мен камзол сыйлады.
Кеште «Дарын» тобы Жұмағали Қоғабаевтың өлеңіне жазылған Болатбек Наурызбаевтың «Бақыт» әнін орындап, «Мұрагер» халықтық вокалды аспапты ансамблі «Туған жер» әнін әуелетті.
Сонымен қатар, осы шара аясында ақынның тіл туралы жазбалары шоғырланған «Тілге тағзым» бұрышы жасалып, көпшілік назарына «Екібастұз – менің тағдырым» тақырыбында ақынның қаладағы мәдени шараларда түскен фотоларынан көрме ұсынылды.
Ж.ӘБДІКӘРІМ





