Ел Президенті жақында мәжбүрлі неке мен сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңға қол қойғаны белгілі. Жаңа заңнама аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында маңызды өзгерістер енгізілді.
Заңнама «сталкинг» (адамды жүйелі түрде қудалау) және «мәжбүрлі неке» (125-1-бап) әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады. Аталған баптар әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұларға қоса «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексіне өзгерістер енгізілді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1 «Неке қиюға мәжбүрлеу» бабына сәйкес, бұдан былай қызды неке қию мақсатында еркінен тыс көндіруге тырысса, зорлық немесе күш қолданылса, жәбірленуші кәмелетке толмаған болса немесе мұндай әрекет топпен жасалса, 5000 АЕК-ке дейін айыппұл не бостандығын шектеу, немесе
3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер бұл әрекет жәбірленушінің өліміне әкелсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Қалыңдықты мәжбүрлеп ұстауға көмектескен адамдарға 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.
ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген тағы бір бап – 115-1 «Сталкинг (қудалау)».
– Адамның еркінен тыс онымен байланыс орнату, аңду, жүйелі түрде қудалау немесе қорқыныш тудыратын әрекетке барғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сталкинг үшін адамдар 50 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін, – деп түсіндірді Екібастұз қаласы полиция басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімінің басшысы Бақытгүл Сейтқалиева.
Қудалау мақсатындағы қоңырау соғу, қорқытқан хабарламалар, әлеуметтік желіде бақылау жасау – мұның бәрі сталкингке жатады. Бөлім басшысы сталкингке тап болғандарға мынадай кеңестер айтты:
– Проблема өздігінен шешіледі деп ойламаңыз, ол ушығып кетуі мүмкін. Сталкингке әлеуметтік желіде ұшырасаң, парақшаларыңды жауып, қудалаушыны бұғатта. Егер сталкинг шынайы өмірде жасалса, көмек сұрап, құқық қорғау органдарына жүгінгенің дұрыс. Біреу аңдып жүргенін байқасаң, бұл туралы ата-анаңа, мұғалімге, сенімді ересектерге айт. Есіңде болсын, сталкинг қалыпты нәрсе емес.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ



