Қалалық инфрақұрылымды жаңғырту – тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы басты бағыттардың бірі. Соның ішінде сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы – қаламыз үшін өзекті мәселе. Құрылыс бөлімі желілерді жаңарту мен қайта құру жобаларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Қалалық коммуникациялар қызметіндегі брифингте құрылыс бөлімі маманы Серік Аушакимов осы бағыттағы жұмыстардың кезең-кезеңімен әрі нақты жоспар негізінде атқарылып жатқандығынан хабардар етті.
– Сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын азайту мақсатында қолданыстағы желілерді реконструкциялау жобаларын да белсенді түрде іске асырып жатырмыз, – деген маман былтыр атқарылған және биыл жалғасын тауып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Былтырғы жылы бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Жоспарланған 6 жобаға қатысты құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Оның төртеуі – сумен жабдықтау жүйесіне, ал екеуі су бұру желілеріне қатысты.
Сумен жабдықтау саласында жүзеге асқан негізгі жобалардың қатарында диаметрі 1000 мм Майқайың магистральдық су құбырын жаңғырту жұмысын атап өтуге болады. Бұл магистральға 80-ші жылдардан бері жөндеу жүргізілмегенге ұқсайды. Сондай-ақ, №2 сорғы станциясын, 5 «Б» шағын аудандағы ЦТП-51 ғимаратының диаметрі 426 мм суық сумен жабдықтау құбырын жаңарту жұмыстары жүзеге асырылған.
Су бұру жұмыстарына келсек, Екібастұздың 50 жылдығы көшесінде диаметрі 1200 мм кәріз коллекторы, сондай-ақ, Беркімбаев көшесінде (Торайғыров көшесінен Амангелді көшесіне дейінгі аумақ) диаметрі 500–400 мм коллектор траншеясыз, яғни, санация әдісімен реконструкцияланған.
С.Аушакимовтың айтуынша, траншеясыз тәсіл қала инфрақұрылымына зиян келтірмей, жұмысты жылдам әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.Қазіргі уақытта 2025 жылы басталған 3 ірі бюджеттік инвестициялық жобаға қатысты жұмыстар жалғасуда.
Бірінші жоба – Солтүстік шағынаудандағы кәріз құрылысы. Құрылыс жұмыстарын мердігер ұйым – «NSC Construction-2004» ЖШС жүргізуде. Бүгінге дейін жалпы қашықтығы 22 шақырым болатын орамішілік желілер монтаждалды. Сонымен қатар, диаметрі 1000 мм коллектордың 1680 метрінің 1300 метрі төселді. Жұмыс ағымдағы жылдың мамыр айында қайта жалғасады.
Екінші жоба бойынша Беркімбаев көшесінде (Пішенбаев көшесінен 20 Южный өткеліне дейінгі аумақ) диаметрі 420 мм магистральдық су құбыры қайта жаңғыртылуда. Бұл жұмыстарды «Инженерные сети» ЖШС жүзеге асырады. Құрылыс-монтаж жұмыстары 8 сәуірден бастап қайта жанданды. Былтыр жоспарланған 3,84 метр желінің 3,60 метрі төселіп үлгерген. Қазіргі таңда Беркімбаев-Амангелді және Беркімбаев-Пішенбаев көшелерінің қиылыстарында жұмыстар жалғасуда.
Үшінші жоба – Баянауыл көшесінен 23-шағынаудандағы вагон депосына дейінгі су құбырын реконструкциялау. Өткен жылдан бері жоспардағы 1062 метрдің 900 метрі төселді. Бұл жобаға қатысты жұмыстар ағымдағы жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Қазір нысанда дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мердігер – «СК MEGARON» ЖШС.
Серік Аушакимов желілерді кезең-кезеңімен жаңарту арқылы апаттық жағдайлардың алдын алып, инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмысы қамтамасыз етілетінін айтты. Басты мақсат – қазу жұмыстарын жолдар асфальтталғанға дейін бітіру. Қаржыландыруда кедергі болмаса, жоспардағы жұмыстардың бәрі үстіміздегі жылдың ІІІ тоқсанына дейін аяқталуы тиіс.
Кенже ҚУАТ




