Денсаулықты сақтау және аурудың алдын алу бағытында диспансерлеудің маңызы зор. Ол ауруды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде ем жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар №2 емханада жүйелі жүргізілуде. Бұл туралы емхананың бөлімше басшысы Меруерт Рахимбердина әңгімеледі.
Қаламыздағы №2 емханаға 51356 адам тіркелген. Соның ішінде 8136 ересек, 154 жасөспірім, 839 бала диспансерлік есепке алынған. 5181 адамға – артериялық гипертензия, 1239 адамға – жүректің ишемиялық ауруы, 1116 адамға жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылса, 1996 адам қант диабетімен ауырады. 407 адам инсульт алған. Әдетте скринингтік тексерулер барысында азаматтардың денсаулығы жан-жақты қаралып, қандай да бір ауытқулар анықталған жағдайда қосымша тексерулер тағайындалады.
– Скрининг кезінде денсаулығында ақау анықталған азаматтарға міндетті түрде қосымша тексеру жүргізіледі. Егер күрделі ауру анықталса, науқас диспансерлік есепке алынады. Есепке алынған азаматтар дәрігердің тұрақты бақылауында болады. Оларға қажетті ем-шаралар толық көлемде көрсетіледі, – дейді бөлімше басшысы.
Егер науқастың жағдайы ушықса немесе қосымша бақылау қажет болса, ол күндізгі стационарға жатқызылады. Мұнда пациент бірнеше сағат бойы қажетті ем-домын алып, кешке үйіне қайтады. Ал ауру асқынып, толыққанды бақылау қажет болған жағдайда стационарлық емдеу, яғни, ауруханаға жатқызу тағайындалады. Бұл үшін емхана дәрігері арнайы жолдама беріп, науқас тиісті медициналық ұйымға жіберіледі.
Ауруханадан шыққан соң да ем тоқтап қалмайды. Науқас қайтадан емханаға тіркеліп, учаскелік дәрігердің тұрақты бақылауында болады. Дәрігер оның жағдайын қадағалап, емін жалғастырады, қажетті дәрі-дәрмектерді жазып береді және қосымша тексерулер тағайындайды. Осылайша емдеу үздіксіз жүргізіледі. Меруерт Рахимбердинаның сөзінше, соңғы уақытта анықталып жатқан аурулардың сипаты да өзгеріп келеді.
– Қазіргі кезде көбіне жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары, қант диабеті, сондай-ақ, өкпе мен қан тамырларының созылмалы дерттері жиі анықталуда. Ең алаңдатарлығы – инсульт пен инфаркт сияқты аурулардың жасарып кеткені. Бұрын мұндай диагноздар көбіне егде жастағы адамдарда кездессе, қазір орта жастағы азаматтар арасында да жиілеп отыр, – дейді ол.
Осыған байланысты емханада «Ауруды басқару бағдарламасы» да белсенді енгізіліп жатыр. Бұл бағдарлама науқастың өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Яғни, мұнда тек дәрігер ғана емес, пациенттің өзі де ем процесіне тікелей қатысады.
Бағдарлама аясында науқас өз жағдайын күнделікті бақылап, қан қысымын, қант деңгейін немесе басқа да көрсеткіштерін өлшеп, нәтижесін дәрігерге хабарлап отырады. Дәрігер мен пациент бірлесе отырып барлық мәліметтерді арнайы базаға енгізіп, емнің тиімділігін қадағалайды. Қажет болған жағдайда емдеу тәсілі дер кезінде өзгертіледі.
Қазіргі таңда бұл бағдарламаға артериялық гипертензия, қант диабеті, сонымен қатар, жүрек пен өкпе-қолқа аурулары бар науқастар енгізілген. Мұндай тәсіл ауруды бақылауда ұстап, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Емханадағы дәрігерлердің бақылауы, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, стационарлық және амбулаториялық емнің сабақтастығы науқас өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағанда ғана нәтиже береді. Сондықтан дәрігерге уақытылы көрінген дұрыс.
Кенже ҚУАТ




