13 сәуір күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында ХХV облыстық «Бүлдіршін» фестивалінің қалалық кезеңі өтіп, оған ауыл және қала балабақшаларынан 43 балдырған қатысты.
Жыл сайын ерекше дүбірмен өтетін «Бүлдіршін» және «Сәулетай» конкурстары кішкентай таланттарды танытумен келеді. Бұл – бала дарыны мен тәрбиешінің ізденісі тоғысатын тамаша байқау. Бір әттегенайы, педагогтар қауымынан шығармашылықты дамытуға ұмтылғандарды сирек байқаймыз: көпшілігі сахнаны жасанды интеллекті көмегімен әрлеп, балаларға әсем костюм кигізуден аса алмай жатады.
Көркемсөз оқу байқауы болғандықтан, бұл байқаудың бірінші кезекте тіл тазалығын, мәнерлеп оқуды және әртістік қабілетті көздейтінін әркім есте тұтқаны абзал. Өкінішке қарай, қазақ балаларының ішінде «ә», «ң», «қ» сияқты төл дыбыстарды таза дыбыстай алмайтындар көп. Сондай-ақ өлеңді өзге тілдің акцентімен оқитындар көптеп кездеседі.
Сыртқы әрлеу жағына келсек, әрине, сахнаны безендіру, баланы киіндіру жағынан қатысушылардың бәрі біркелкі. Десе де Қажыбек Алғамбаров атындағы жалпы негізгі білім беретін мектептен келіп «Где обедал воробей?» өлеңін оқыған Айзере Құдайбергеннің қолдан әзірленген торғай костюмін киіп келуі, «Мен қазақпын» өлеңін оқыған Шахкәрім Мұраттың (№9 балабақша-гимназиясы) «Алтын адам» бейнесінде шығуы, №24 балабақша тәрбиеленушісі Әзиз Мұраттың «Кім боламын өскенде?» өлеңіне сай түрлі мамандықтарға қатысты образды қамтуы байқаудың бәсін арттыра түскендей болды. «Бақыт деген не өзі?» өлеңін оқыған №28 сәбилер бақшасының бүлдіршіні Інжу Нүкеш пен Жұмағали Қоғабаевтың «Домбыра» өлеңін жатқа айтқан Асылы Мұраттың (№2 сәбилер бақшасы) ұлттық киімдері өзгелерден оқ бойы озық болды. Жалпы, әдемі көйлек киіп, бантик таққан немесе костюмін ұлттық элементпен нақыштаған балалардың сырт келбетінің бір-бірінен кемдігі жоқ. Десе де жазғы демалыс туралы шығарманы оқып тұрып сәнді бал көйлегін киюде тақырыптық үйлесім жоғына да мән берген жөн сияқты. Әйтсе де қазылар алқасы басты назарды қатысушының сырт бейнесіне емес, өнеріне аударғанын айтқымыз келеді. Яғни, сайыс жеңімпазы облыстық деңгейде қаламыздың намысын қорғай аларлық өнерпаз болуы керек. Ол үшін, жоғарыда айтқанымыздай, балада өлеңді нақыштап оқу өнері, еркіндік, тіл тазалығы, әртістік қабілет болуға тиіс.
Көркемсөз оқу байқауында мән берілетін тағы бір жайт – тақырыптың баланың жас ерекшелігіне сәйкес келуі. Мәселен, Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңі мен Мұқағали Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңі балабақша жасындағы баланың ұғымы үшін өте күрделі: мұны былтыр да газетімізде жазғанбыз, бірақ оны оқып, қорытынды шығарғандар аз. Жалпы, ақын, өлең дегенде балабақша педагогтарының ойына тек Абай, Мұқағали, Фариза ақындар ғана түсетінін байқаймыз. Ал №5 сәбилер бақшасынан қатысқан балаға тәрбиешісі Мағжан Жұмабаевтікі деп ғаламтордағы өлең деуге келмейтін әлдебір шимай-шатпақты жаттатқан. №9 сәбилер бақшасы тәрбиеленушісінің де өзі туралы «Таныстыруын» облыстық фестиваль талабына татитын дүние дей алмадық.
Ал енді үздік нөмірлерге тоқталып өтелік. №15 сәбилер бақшасы – эстетикалық дамыту орталығынан келген Аделина Посунько «Я выросла» өлеңін өте жақсы оқыды. Осы балабақшаның тағы бір бүлдіршіні – Есения Бежецких оқыған «Друг» өлеңі де көңілден шықты. Екеуі де кішігірім спектакль ойнағандай әсер қалдырып, сахнада шағын рөл көрсетті десе де болады. №8 сәбилер бақшасының өнерпазы Аяна Лесбектің «Мен тәртіпті баламын», №12 сәбилер бақшасынан қатысқан Жанайым Айсабекова оқыған «Бақытты балалық шақ» (авторы – жергілікті ақын Гүлбаршын Сейітова), №14 сәбилер бақшасының балдырғаны Еланора Жанабаева оқыған «Ақ әжем» өлеңі көркемсөз оқуға қойылатын негізгі талаптар үдесінен шықты. Сөйтіп жүлделі орындар былайша бөлінді: 1-орында – Есения Бежецких пен Аяна Лесбек; 2-орында – Аделина Посунько мен Жанайым Айсабекова; 3-орында – Еланора Жанабаева. Үздік өнерпаздар байқаудың облыстық кезеңінде өнер көрсетеді.
Жоғарыда аталған балаларға қоса, Ділназ Ақжолқызы («Бидай мен қаңбақ» мысалы, №10 сәбилер бақшасы); Елдана Ертай («Ойыншықтар», №10 бб), Айсұлу Шахманова («Жазғы демалыс», №16 бб), Айлин Жанпулатқызы («Туған жер», №20 бб), Шахкәрім Мұрат («Мен қазақпын», №9 бб) сынды үміткерлер де бәсекелестерінен айтарлықтай ерекшеленгенін жоққа шығара алмаймыз. Тек Фариза Оңғарсынованың «Туған жер» өлеңі Айлиннің қабылдауына ауырлау екенін білген жөн, сонымен қатар, балалардың әртістік өнерінің бір қайнауы кемдеу соқты: бұл тәрбиешілер ескеретін жайт еді. Биылғы «Бүлдіршін» фестивалінен түйген ойымыз – осы…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА








