Көктем-жаз мезгілінің басталуымен қала көшелерінде велосипед пен электр самокаттарын пайдаланушылар саны арта түседі. Алайда бұл үрдіспен қатар аталған көлік түрлеріне қатысты қылмыстардың да жиілей түсетіні байқалады.
13 сәуір күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Нұрболат Мейрашов өңірдегі велосипед және электр көліктерінің ұрлығы туралы баяндады. Оның айтуынша, 14–20 сәуір аралығында өңірде «Велосипед» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде. Шараның негізгі мақсаты – вело және электр көліктері ұрлығының алдын алу, жолын кесу және қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай қылмыстардың басым бөлігі көлік иелерінің салғырттығынан орын алады. Яғни, көлікті қараусыз қалдыру немесе қорғаныс құралдарын пайдаланбау қаскөйлердің арам ниетіне жол ашады.
Жалпы өңірде тәулігіне орта есеппен 2-3 азамат велосипед немесе самокат ұрлығы бойынша полицияға жүгінеді. Мәселен, жуырда жеке үйдің ауласындағы гараж маңынан скутер ұрланған. Бұл жағдайлар тұрғындардың жеке мүлкін сақтау мәселесіне бей-жай қарамауы керектігін көрсетеді.
Айта кету керек, тұрғын үйлердің баспалдақ алаңдары мен кіреберістерінде велосипед, самокат немесе балалар арбасын қалдырған тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл талаптар тұрғындардың қауіпсіздігі мен ортақ тәртіпті сақтау мақсатында енгізілген.
Құқық қорғау органдары күмәнді әрекеттерді байқаған немесе ұрлыққа тап болған азаматтарды дереу полицияға хабарласуға шақырады. Уақытылы берілген ақпарат қылмысты ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді.
Ділназ Серікбай




