Еңбек ресурстарының теңгерімді дамуын қамтамасыз ету – еліміздің әлеуметтік-экономикалық саясатының маңызды бағыттарының бірі. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру бағдарламасы аясында өңіраралық қоныстандыру жұмысы қолға алынған. Жұмыс күші артық өңірлерден азаматтарды Екібастұз секілді еңбек ресурстары тапшы аймақтарға қоныстандыру жұмысы қалай атқарылып жатқаны туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева әңгімеледі.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, соңғы он жылда халық саны жыл сайын 2 пайыздан астам өсіп отырған және халқының тығыздығы жоғары өңірлер қоныс аударудың шығу аймақтары ретінде белгіленген. Олардың қатарында Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, Жетісу облысы, сондай-ақ, Алматы және Астана қалалары бар. Қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Мұндай қолдау қоныс аударушыларды жаңа ортаға тезірек бейімдеуге де бағытталып отыр. Көшіп келуші азаматтарға көшуге арналған бір реттік субсидиялар төленеді, тұрғын үйді жалдау шығындары мен коммуналдық қызметтер өтеледі. Сонымен қатар экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беріледі. Қажет болған жағдайда кәсіби оқыту ұйымдастырылып, жұмысқа орналасуға немесе жеке кәсіп бастауға жәрдем көрсетіледі.
Екібастұз өңірінде қоныстандыру бағытындағы жұмыстар жыл сайын қарқын алып келеді. Мәселен, 2017 жылы небәрі 19 отбасы көшіп келсе, кейінгі жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. 2019 жылы 251 отбасы қоныс аударыпты, соңғы жылдары да оң динамика сақталып отыр. 2024 жылы 144 отбасы, ал 2025 жылы 149 отбасы немесе 631 адам өңірге көшіп келген.
2026 жылдың өзінде Екібастұзға 196 адам қоныс аударып үлгерді. Оның ішінде 20 отбасы (104 адам) қоныс аударушылар болса, 23 отбасы (92 адам) қандастар санатына жатады. Қоныс аударушыларға бөлінген квота 104 пайызға, ал қандастарға қатысты жоспар 131 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіштер бағдарламаның тиімділігін көрсетсе керек.
Қоныс аударған азаматтарға нақты қолдау көрсетілуде. Биылдың өзінде 42 отбасыға көшуге арналған субсидиялар мен жалдамалы тұрғын үй шығындары өтелген. Сонымен қатар 4 отбасы экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі уақытта тағы 6 отбасының (33 адам) құжаттары өңірлік комиссияның қарауында.
2025 жылы қоныс аударған 149 отбасының барлығына бір реттік көшу субсидиялары толық төленген. 23 отбасыға жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық қызметтер үшін өтемақы берілсе, 109 отбасы тұрғын үй сатып алу үшін сертификат алған. Жалпы қоныс аударғандардың ішінде еңбекке қабілетті 309 адамның 154-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
Көшіп келген азаматтар жұмысқа орналасумен қатар кәсіпкерлікке де белсенді араласа бастады. Көбіне мал шаруашылығына қызығушылық білдіреді. Көптеген отбасылар жеңілдетілген несиелер алып, мүйізді ірі қара өсірумен айналысуда. Сонымен қатар «ҚТЖ», «Kaztomat», «БогатырьКөмір» сынды ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасқандары да бар.
Қазіргі таңда білікті мамандар тапшы екенін тілге тиек еткен бөлім басшысы Зейнеп Опабекқызы өңірімізде, әсіресе, дәрігерлер, газбен дәнекерлеушілер, энергетиктер, металлургтер және ауыл шаруашылығы саласына қажетті механизаторлар жетіспейтінін айтады. Осы мақсатта қоныс аударушыларды ауылдық елді мекендерге тарту жұмысы жолға қойылған. Себебі ауылдарға жұмыс күші аса қажет.
Ауылдық жерлерге қоныстандыруда шаруа қожалықтарының басшылары жақсы бастама көтеріп отыр екен. Олар жаңа көшіп келетін мамандарға барынша қолайлы жағдай жасауға дайын.
Зейнеп Жақсыбаева бұл туралы: «Мамандар ауылға келсе, оларды баспанамен қамтамасыз ету шығынын шаруалар өз мойнына алуға ниетті. Бүгінде Марғұлан, Теміржол, Қоянды ауылдарының шаруалары қоныс аударушыларға үй салып беруге дайын екенін білдірді», – деп атап өтті.
Баспана мәселесі – кез келген адам үшін ең өзекті сұрақтардың бірі. Сондықтан шаруалардың ұсынысы ауылдардың дамуына тың серпін беріп, қоныс аударушыларға үлкен мүмкіндік туғызбақ. Соңғы жылдары қоныс аударған отбасылардың ешқайсысы кері көшіп кетпеген. Барлығы жаңа ортаға бейімделіп, тұрақтап, өңірдің толыққанды тұрғындарына айналуда.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ




