Биыл жаз Солнечный кенті 40 жылдық мерейтойын мерекелемекші. «Мақпал» мәдениет үйінде 14 сәуір күні болған Екібастұз қаласы әкімінің есеп беру кездесуінде әңгіме тойға әзірліктен басталды. Энергетиктер кентінің келбетін жақсарту мақсатында бюджеттен 150 миллион теңге қарастырылып, ол қаражат 4 көше жолын асфальттауға, бірнеше ауланы кешенді абаттандыруға жұмсалатын болыпты.
Десек те елді мекенде түйткілді мәселелер әлі де баршылық екен. Есеп беру жиынында қала басшысы Аян Бейсекин тұрғындар тарапынан айтылған тілек-ұсыныстарды мұқият тыңдап, сұрақтарға орай өз пікір-ұстанымын білдірді.
Спорт жөніндегі әдіскер Нұрлан атты азамат №3 БЖСМ-ға қарайтын денешынықтыру-сауықтыру кешені жанындағы хоккей кортын жаңалау қажеттігін айтып еді, мәселе оң шешілетін болды. Екібастұз қаласындағыдай корт жасалып, балалар үшін қыста коньки, ал жазда ролик тебуге мүмкіндік туады. Ал тағы бір жабық спорт кешені әзірге салынбайды.
Кент аулаларына орнатылған темірден жасалған ескі ойын формалары демонтаждалыпты. Темірлан Сейітжанов сол темір-терсекті металл қабылдау бекеттеріне өткізіп, бюджетке кіріс етуді ұсынды. Кент әкімдігі бұл мәселемен айналысып жатыр екен.
Бұрынғы дәріхана, дүкен, тұрмыстық қызмет көрсету үйі ғимараттарының бос қалып, кент сиқын бұзып тұрғаны бірнеше жылдан бері сөз болып келеді. Аталмыш мәселе бұл жолы да биліктің қаперіне жеткізіліп еді, бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны, нысандар иелерінің анықталып, әкімшілік айыппұл арқалағаны айтылды. Бұдан қандай нәтиже шығарын уақыт көрсетеді.
Есептік кездесуде тұрғындар тарапынан кент пен оның төңірегін жасыл желекке бөлеу, экологияны жақсарту мәселелері қозғалды.
— Былтырғы жылы «Самұрық-Энерго» компаниясымен келісімшарт жасалды. Компания жыл сайын 150 миллион теңге қаржы бөледі. Былтырғы жазда МАЭС-1 станциясы сыртында емен, сүмбіл терек және шегіршіннің жас шыбықтары отырғызылды. Биылғы жылы Екібастұз қаласының іші мен сыртында 20 мың түп жас шыбық егу жоспарланған. Содан 1 мың түпті Солнечный кентіне берейік, — деген қала басшысы Аян Уахитұлының сөзін көпшілік ризашылықпен мақұлдады.
Экология мәселесіне келсек, есептік кездесуге қатысқан «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Болат Қашағанов станцияда қалдық тұтқыш сүзгілер жаңаланып, тиімділігі 99,5 пайызға жеткенін айтты. Ал 2027 жылы заманауи микроимпульстік трансформаторлар қойылады екен.
Энергетика саласының ардагері Гүлфия Ахметова есептік кездесуде салиқалы ой айтып, кент тұрғындарын қол қусырып қарап отырмай, белсенді іс-әрекет жасауға үндеді.
— Билікке қол жая беру жөн емес. Біраз шаруаны өз күшімізбен де тындыруға болады. Тұрғындар бас қосып, аулаларға ағаш отырғызып, гүл ексек, кәнекей! Ал халықтың игілігі үшін істелген дүниелерді бүлдірушілермен ымырасыз күресу қажет. Құр сөз бұзақыларды жөнге салмайды, айыппұл салса, тәубелеріне келеді, — деген Гүлфия Ахметова Солнечный кентінің 40 жылдығына орай музей ашу идеясын ұсынды.
Ардагердің айтуынша, музейде кенттің алғашқы құрылысшылары мен энергетиктерінің жасампаз еңбегі көрініс табуы тиіс. Мұндай музейдің болуы – жас буынға тағылым әрі тәрбие, энергетик мамандығына бейімдеуге де септігі тиеді. Сонымен қатар, жазда болатын тойда кенттің Құрметті азаматтарының атаусыз қалмауы да айтылды.
Әрине, музей ашу үшін едәуір қаржы қажет. Гүлфия Ахметова керек қаражатты «Самұрық-Энерго» басшылығы бөлуі тиіс деген ойын білдірді.
Бір жарым сағатқа созылған есептік жиын кент әкімін сайлауға қатысты мәселемен түйінделді. Бірнеше жыл аталмыш қызметті атқарған Архат Илеубаев өз өтінішімен қызметінен босатылған екен. Енді кентке жаңа әкім керек. Үміткер – екеу. Мемлекеттік қызметтегі Аспандияр Тұрлыбеков пен Солнечный кенті тұрғыны, жаттықтырушы Рүстем Айтымов. Қала басшысы екі үміткердің ішінен лайықтысын таңдау тұрғындар еркінде екенін тілге тиек етіп, таңдауға жауапкершілікпен қарауды өтінді.
Ж.Жәлелұлы




