10 сәуір күні Екібастұз қалалық мәслихатының депутаттары тәжірибе алмасу мақсатында Баянауыл аудандық мәслихатының бірқатар депутатымен кездесіп, пікірлесті. Екі тараптың кездесуінде әуелі Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев халық қалаулылары атқарған жұмыстардан хабардар етті.
Нияз Құдайбергенұлы өз сөзінде Екібастұз өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктер туралы қысқаша баяндап, қалалық мәслихаттың жұмысы жайлы айтты.
– Екібастұз – еліміздің отын-энергетикалық, индустриалдық жүрегі және теміржол саласының маңызды торабы. Қала бүгінде көмір өндіру орталығы ғана емес, ірі металлургиялық және технологиялық кластерге айналды. Былтырғы жылы Екібастұзда екі ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Биылғы жылы осындай үшінші зауыт пайдалануға беріліп, МАЭС-2 станциясында №2 энергоблок құрылысын жүргізу қолға алынып, екі жел электр станциясын салу көзделіп отыр, – деген Нияз Құдайбергенұлы ары қарай баянауылдық қонақтарды депутаттық корпус құрамымен таныстыра келе, атқарушы билік пен өкілетті биліктің өзара бірлескен іс-қимылының жемісіне тоқталды.
Мәселен, соңғы үш жыл ішінде 100-ден астам аула кешенді абаттандырылып, жарықтандырылды. Шаһардың жылу жүйелері біршама жаңартылды. №7/1 жылу магистралі салынып, 8 негізгі магистраль жаңартылып, кварталішілік құбырлар ауыстырылды. Ауылдық аймақта да оң өзгерістер болды. Ауылдық елді мекендер сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, Бәйетте жаңа клуб, Әлкей Марғұлан ауылында ФАП іске қосылды. Атығай ауылында жаңа мектеп салынып жатыр.
Қалаға қатысты оң шешімін тапқан тағы екі мәселе: дизайн-код пен өңірді дамыту жоспары қабылданды. Екібастұз инвестициялық тартымды өңірге айналып, 21 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Үш жыл ішінде қала бюджетінің көлемі 40 миллиард теңгеге артып, биыл 93,4 миллиард теңгеге жетті.
Нияз Макраев депутаттардың тікелей араласуымен шешілген мәселелерді де атап өтті. №17 мектептің жүзу бассейні күрделі жөндеуден өткізіліп, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 126 а мекенжайындағы балабақша ғимараты қалпына келтірілу үстінде.
Жалпы, қалалық мәслихатта 5 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Комиссиялар отырыстарында 110 мәселе талқыланып, үш жыл ішінде 41 мәрте сессия өткізіліп, 300-ден астам мәселе қаралған. Сайлаушылар аманаттарын орындау мақсатында күрделі проблемаларды шешуде мәслихат депутаттары Сенат, Мәжіліс және облыстық мәслихат депутаттарымен тығыз байланыс орнатып, хат алмасып тұрады.
Мәслихат төрағасынан кейін сөз алған экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Мәриям Мәлікова, аграрлық сектор және жер қатынастары мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Жанат Ибраев сөз болып отырған комиссиялар мүшелері көтерген мәселелерге тоқталды. Мәселен, депутат Жанат Ибраевтың айтуынша, шаруаларға жер телімдерінің әділ бөлуіне жете мән беріліп, қалада ветеринарлық лабораторияның ашылуына қол жеткізіліп, мамандарға қызметтік пәтерлер беріліпті. Енді жаңа ветстанция ғимараты мен 6 ауылда ветпукттер салынады екен.
Тәжірибе алмасу кездесуінде депутат Татьяна Шмидт әлеуметтік салада, Арман Амургалинов құрылыс және коммуналдық салада, Әмір Тәкішев экология саласында халық қалаулыларының ұйытқы болуымен жүзеге асырылған игі істерді баяндап берді. Ал депутат Еркін Құсан жастар мәслихатын құру тәжірибесін бөлісіп, мұндай мәслихатты Баянауыл ауданында құру жөнінде ұсыныс жасады.
Айтпақшы, қарымта сөзінде Баянауыл аудандық мәслихатының төрағасы Руслан Мұқашев әлгі ұсынысты құп көріп, Екібастұз қалалық мәслихатының өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жолында жасаған қадамына ризашылық білдіріп, екі жақ бір-біріне естелік сыйлықтар табыс етті.
Осыдан кейін баянауылдық депутаттар Екібастұз қаласының көрнекі жерлерін аралап, жақсы көңіл күйге бөленді.
Ж.Сәдуақас





