11 сәуір, яғни, сенбі күні кетпен-күректерін ұстаған екібастұздықтар жалпықалалық сенбілікке шықты. Сенбіліктің тиімді өтуі адам күшіне ғана емес, техникаға да байланысты екені белгілі. Осы орайда, тазалық айлығына жұмылдырылатын сан алуан техника таңертеңгілік Сәтбаев көшесі бойында сап түзеді. «Екібастұзкоммунсервис», «Диас Дар» сияқты коммуналдық кәсіпорындар мен өзге де кәсіпорындар техникаларының әзірлігін байқап көрген қала әкімі Аян Бейсекин тазалық айлығы кезінде шаһарды бей-берекет қоқыстан тазарту, кескін-келбетін шырайландыру, жасыл желек отырғызу жұмыстарын толық аяқтау міндеті күтіп тұрғанын еске салды. Әрине, бұл үшін үлкен-кіші сенбіліктерге тегіс үн қосып, шағын және орта бизнес өкілдері, кәсіпорындар мен мекемелер ұжымдары қалыс қалмауы тиіс.
Тазалық айлығы жарияланса, алақандарын ысқылап, ортақ іске пайдасын тигізуді дағды еткен екібастұздықтар бұл жолы да белсенділік көрсетті. Мұны қала ішін ары-бері аралап, адамдармен әңгімелескенде байқадық. Энергетиктер көшесі бойында орналасқан №2 емхананың дәрігерлері мен медбикелері бір адамдай жұмыла еңбектеніп, денсаулық сақтау мекемесінің аумағын қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін қопсытып, әктеді. Дәл осындай жұмыс сол көше бойындағы қала әкімдігінің дербес бөлімдері орналасқан бес қабатты ғимарат ауласында да атқарылып жатты. Ал Қосым Пішенбаев көшесінің асық орнатылған бөлігінде жылдағыдай «Шығыс» кеніші еңбеккерлері сенбілікке кірісті. Мұнда кеніштің әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі директоры Рустамжан Мамаджанов бас болып сквер аумағындағы қураған жапырақтарды қапшықтарға салып, жүк көліктеріне тиеді.
– Осы жерде 100 адам еңбектеніп жатыр. Тағы 50 адам Бауыржан Момышұлы көшесі бойында жұмыс істеуде. Қоқысты шығаруға кеніштен 2 жүк тиегіш пен 2 жүк көлігі бөлінді. Сенбіліктерде, негізінен, аға буын өкілдері үнемі белсенділік танытады. Жастар еңбексүйгіштікті, патриоттықты ересектерден үйренгені жөн, – дейді кәсіподақ комитетінің төрағасы Василий Давыденко.
Қала әкімдігінің қызметкерлері мен қалалық мәслихат депутаттары бұл күні «Даңқ» тұғыры аумағын тазартты. Көпшілікпен бірге күрек ұстаған қала басшысы Аян Бейсекин, мәслихат төрағасы Нияз Макраев, депутаттар Жетпісбай Жакупов, Арман Иманқұлов және тағы басқалары әзілдесе жүріп едәуір жұмыс тындырды.
Айтпақшы, сенбілікпен қоса қала көшелеріне төселген асфальттің тозған, жарылған тұстарын жамау жұмыстары да жүргізіліп жатқанын көрдік. Қалалық мешіт маңында Торайғыров көшесі бойында осындай жұмыспен «АВН Строй класс» ЖШС шұғылдануда екен. Бір күн бұрын мердігерлер М.Әуезов көшесінде тегістеу жүргізген еді. Алғашқы сенбілікке 4 мың қала тұрғыны атсалысып, 2 мың тонна қоқыс полигонға шығарылды.
Ж.Жәлелұлы





