Бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық спортты қарқынды дамыту – кейінгі ұрпаққа аманат. Бұл бағытқа мемлекетіміз де басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, ұлттық спорт олимпиадалық спорт түрлерімен теңестіріліп, қолдау мен қамқорлық жасалу үстінде. Соның нәтижесінде түрлі турнирлер көбейді. Сондай жарыстың бірі 11 сәуірде Екібастұз қаласындағы «Жасыбай» спорт сарайында өткізілді.
Дәстүрлі садақ атудан Екібастұз қаласы әкімінің Кубогы үшін ұйымдастырылған республикалық турнирге еліміздің 17 аймағы мен бас қалаларынан 100 шақты садақшы келді. Құрайлайды көзге атқан мергендер жамбы нысанасын көздеуден шеберлік байқасты.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде қала әкімі Аян Бейсекин, республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Сәрсенғалиев, Павлодар облысы садақ ату федерациясының президенті, жарыстың бас төрешісі Нұрбек Мұқышев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. «Джуманджи» ансамблінің бишілері «Ер Тұран» биін билеп, «Беу, жігіттер!» ансамблі рухты әндер шырқап, мергендерді жігерлендірді.
Жарыс шартына сай садақшылар жамбы нысанасын 30 метр қашықтықтан атты. Іріктеу кезінде олар бес оқтан бес рет нысана көздеді. Мергендер ішінен 32 мықтысы іріктеліп, одан 16-сы, одан 8-і шеберлігімен танылып, одан әрі жарыс жеңімпазы бен жүлдегерлері анықталды.
Жарыс арасында дәстүрлі садақ ату спортының жанашырларымен сұхбаттасудың да сәті түсті.
– Садақ атудың бірнеше түрі бар. Солардың ішінде жамбы нысанасын көздеу халықаралық жарыстар бағдарламасына енгізілді. Жалпы, дәстүрлі садақ ату федерациясы 2019 жылы құрылып, сол жылы ел чемпионаты өткізілген болатын. Спорттың аталмыш түрі Астана мен Шымкент қалаларында, Атырау облысында жақсы дамуда. Өзге де аймақтардан шебер садақшылар шығуда. Шеберлікті шыңдауда жарыстардың көп болуы маңызды. Осы орайда, бүгінгі жарысты ұйымдастыруға ұйытқы болған Павлодар облысы садақ ату федерациясы басшылығына, қолдау көрсеткен Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге ризашылық білдіреміз, – деді сұхбатында Ұлттық құрама команданың бас бапкері Диас Ахметов.
Жоғарыда айтқанымыздай, жарыста небір шебер садақшылар бақ сынады. Солардың бірі – ақмолалық Азамат Нұртаев.
– Садақ атумен шұғылданғаныма жеті жыл болды. Біраз табысқа қол жеткіздім. 2025 жылы Оңтүстік Кореяда өткізілген Әлем Кубогында 90 метр қашықтықтан атуда командалық есепте бірінші орын иелендік. Сонымен қатар, Түркия Кубогында жекелей сында төртінші орынды місе тұттым. Жалпы, маған ұлттық спорт түрлері ұнайды. Жас кезімде көкпар ойнап, теңге де ілгенмін. Соңғы уақытта садақ атуға жастар лек-легімен келіп жатыр. Бұл бізді қуантады, – дейді Азамат Нұртаев әңгімесінде.
Енді алғаш рет өткізілген Екібастұз қаласы әкімінің Кубогы турнирінің қорытындысын баяндар болсақ, І орын Абай облысының садақшысы Асқарбек Усабаевқа бұйырды. ІІ орынға ақтөбелік Нұрболат Жақсыбай ие болды. ІІІ орынды шымкенттік Мақсат Әбдікерімов пен Абай облысынан Әділет Исмурзин еншіледі. Ал жасы 50-ден асып кеткен спортшылар арасында Ақмола облысы мергені Азамат Нұртаев жеңімпаз атанып, жүлдеге 100 мың теңге алды. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі садақшылар арасында жеңімпаз болған екібастұздық мерген Ерқанат Қалымжановқа, «Үздік жамбышы» деп танылған екібастұздық Бауыржан Байсүгіровке де 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді.
Жамбы нысанасын көздеуден кейін садақшылар тайтұяқ атты. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетелік, жамбының бет жағы 15 сантиметр болса, тайтұяқтың бет жағы – 7 сантиметр. Яғни, ілініп, қозғалып тұрған тайтұяқты дәл көздеу қиын-ақ. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысының мергені Думан Қыдырбаевтың мерейі үстем болып, ақшалай сыйлықты иеленді.
Айтпақшы, бастапқыда жарыстың жүлде қоры 500 мың теңгені құраған-ды. Алайда қала әкімі жарыс үстінде тағы 500 мың теңге қаражат бөлінетінін айтып еді, спортшылар ду қол соғып, разылық білдірді. Осы орайда, ұлттық спортқа қолдау көрсетуде мәрттік танытқан қала басшысына, демеушілік жасаған «АMANAT» партиясының Екібастұз филиалына, Мәшһүр Жүсіп атындағы облыстық мешіт басшылығына, кәсіпкер Әл-Фараби және «Сәуле» дүкеніне турнирді ұйымдастырушылар алғысын жеткізгіміз келеді.
Ж.Жәлелұлы




