Көктеммен бірге көкпар маусымы да басталып, 4-5 сәуір күндері Павлодар қаласында облыс біріншілігі өткізілді.
Павлодар облысы көкпар федерациясының ұйымдастыруымен, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен болған біріншілікте көкпаршылар шеберлік көрсете білді. Екібастұз қаласының намысын қорғаған Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасы жарыс қорытындысында ІІ орынды еншілеп, 1 миллион теңге мөлшеріндегі жүлдені иеленді. Жартылай финалда Аққулы ауданы командасын ұтқан «Сайфуллах» ақтық ойында 3:5 есебімен Павлодар ауданы көкпаршыларына есе жіберді. Баянауыл ауданының командасы үшінші орынға тұрақтады.
Негізі, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында көкпар ойнау палуандарға да, аттарға да жеңіл емес. Ұзынқұлақтан естуімізше, Павлодар ауданының командасы еліміздің бірқатар аймақтарынан келген, бұрын додада әбден ысылған мықты көкпаршылардан жасақталған екен. Әрине, жарыста бап пен бақ қатар шабатыны белгілі. Жаз бойы әлі талай көкпар болады емес пе. Ендеше, біздің көкпаршыларға дайындықты пысықтай түсу абзал.
Ж.Бұланбай




