Арқаның ұзақ қысынан соң елді мекендердің кейпі жүдеп шығады. Осы орайда, қала мен ауылдардың келбетін шырайландыруда жыл сайын өткізілетін санитарлық тазалық пен абаттандыру айлығының пайдасы зор. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылатын бұл айлық биылғы жылы 11 сәуір – 8 мамыр аралығына белгіленіп отыр. 8 сәуір күні болған жиында қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыртай Аманов сөз етіліп отырған айлыққа әзірлік жайын баяндап берді.
Бекітілген жоспарға сай, тазалық айлығындағы іс-шаралар Екібастұз қаласы мен өңірін тегіс қамтиды. Сенбіліктерге мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындар мен ұйымдарда, шағын және орта бизнесте еңбек етіп жүрген екібастұздықтар жұмылдырылып, көшелер, аулалар, саябақтар мен көшебақтар тазартылып, бей-берекет қоқыстар сыртқа шығарылады. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, ғимараттардың, шағын архитектуралық формалардың кескін-келбеті жақсартылады. Дәл осындай жұмыстар ауылдық аймақта да жүргізіледі.
Бауыртай Амановтың айтуынша, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліпті. Айлық кезінде қоқыс қалалық полигонда тегін қабылданады. Оны шығаруға 100-ден астам техника бөлініп отыр. Тазалық айлығына әзірлік жөніндегі жиында сөз тізгінін ұстаған қала әкімі Аян Бейсекин бұл бағыттағы жұмыстың басталып кеткенін, ондаған мың тонна қоқыстың полигонға шығарылғанын айта келе, қарқынды әлі күшейте түсу керектігін тілге тиек етті.
– Тазалық айлығы мен жалпықалалық сенбіліктерге бұқаралық сипат беру – міндетіміз. Өкінішке қарай, бізде экологиялық мәдениет әлі өз дәрежесінде емес. Егер әр адам тазалық іс-шараларында тер төгіп, жұмысқа қолғабысын тигізсе, сонда қоршаған ортаны таза ұстаудың қадірін сезінеді, – деген қала басшысы Аян Уахитұлы 1 маусымға дейін шаһар шырайын келтіру жұмыстарын аяқтау қажеттігін қадап айтты.
Осы аралықта көше жолдарын тегістеу жұмыстары жүргізіліп, жолақтар сызылып, көшебақтарға гүлдер егіліп, қаланың сырты мен ішінде 20 мың түп жас шыбық отырғызылады. Тағы бір қуанышты хабар, орталық саябақта мердігерлер күрделі жерасты инженерлік тораптарды тарту жұмысын аяқтапты. Енді саябақта өзге де жұмыстар жүргізіліп, қыркүйекте пайдалануға беріледі екен.
Түйіндей айтқанда, тазалық айлығына енгізілген іс-шаралардан әрбір екібастұздық қалыс қалмауы абзал. Шаһардың жайлы әрі жайнап тұруы бәріміз үшін де қуаныш емес пе.
Ж. Сәдуақас



