Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу мақсатында Екібастұз өңірінде «Қауіпсіз үй» жергілікті рейдтік іс-шаралары өткізілді.
Тұрмыстық құқық бұзушылықтар жасауға бейім адамдарды дер кезінде анықтау, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған рейд барысында полиция қызметкерлері әлеуметтік қызметтер өкілдерімен бірлесіп аулаларды аралады. Бұдан әрі азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, профилактикалық есепте тұрған адамдар тексерілді.
– Мұндайда ең алдымен бұрын отбасылық-тұрмыстық жанжал болған отбасыларға, қолайсыз отбасыларға басты назар аударылады, – дейді отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімнің басшысы Бақытгүл Сейтқалиева. – Осы жолғы рейдте құқық бұзушылық жасауға бейім 516 адамды мекенжайына барып тексеріп, қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсетуге тырыстық.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсету үшін дағдарыс орталығымен, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарымен өзара бірлесе қимылдайды.
Жақында ауылдардың бірінде 24 жастағы әйел күйеуі қол жұмсағанын айтып учаскелік полицейге шағым түсіріпті. Учаскелік полицей балалы әйелге құқықтық көмек көрсетіп, қаламыздағы «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығына орналастырды. Ал күйеуі ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматқа «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» Заңның 60-бабына сәйкес 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылды. Құқық бұзушыға қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда қандай жауапкершілікке тартылатыны түсіндірілді. Әйелге қазіргі кезде бейімделу және оңалту, сондай-ақ, құқықтық көмек көрсетілуде.
«Қауіпсіз үй» рейді барысында 40 жәбірленуші қорғау нұсқамасымен қорғалды. Екі құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша хаттама толтырылды, олар 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Сот 4 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіледі, екеуіне тұрғылықты жеріндегі емханада психологиялық көмек алу тағайындалды.
ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабына сәйкес құқыққа қайшы әрекеттері үшін сот 5 адамға жаза тағайындады. Қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 32 адам анықталды.
Рейд барысында түнгі уақытта үйде отырмайтын жасөспірімдер де анықталды. Бала тәрбиесіне немқұрайды қараған 18 ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес әкімшілік жазаға тартылды.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған адам үнсіз қалмауы тиіс. Ондай фактілер туралы полицияға хабарласу қажет, – деп түйді сөзін Б.Сейтқалиева.
Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы білсеңіз, хабарласыңыз:
102 – Екібастұз қаласы полиция басқармасының кезекші бөлімі;
111 – бірыңғай мемлекеттік қызмет-отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері бойынша сенім телефоны;
150 – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған Ұлттық сенім телефоны;
75-45-05 – Екібастұз қаласының прокуратурасы;
77-08-90 – Екібастұз қаласы полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі тобы;
8 (7182) 54-03-03 – «Павлодар қалалық балалары бар әйелдерді әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» ММ;
8-708-205-3025 – Екібастұз қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы»;
1409, 87028929777, 87014369082 – «Қорғау-Астана» жеке қоры;
28-03-48 – «Екібастұз қаласының білім бөлімі» ММ (Балалардың құқықтарын қорғау бөлімі).
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ



