№36 лицей-мектебінде сегіз жас маман еңбек етуде. Олар аз уақыт ішінде өздерінің жауапкершілігі мен еңбекқорлығы арқасында ұжымнан лайықты орын алып үлгерді. Жас педагогтар мектепішілік іс-шараларға белсенді қатысып, оқу-тәрбие жұмыстарының сапалы өтуіне үлес қосып келеді. Сабақ барысында заманауи білім беру технологияларын тиімді қолданып, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға ерекше мән береді.
Дана Ғалымбекқызы Сәкенова – математика пәнінің мұғалімі. Ол жетекшілік ететін сынып мектепішілік деңгейде жоғары белсенділігімен және үздік оқу нәтижелерімен ерекшеленеді. Шәкірттері қалалық деңгейдегі пән олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар Дана Ғалымбекқызы қалалық «Жас мамандар» байқауында ІІІ орын иегері атанды. Ол өз сабақтарында оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған әдістерді тиімді қолданады.
Марал Шалхарқызы Қайыркенова – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ол – қалалық «Менің педагогикалық инновациям» байқауының жеңімпазы. Сабақ үдерісінде коммуникативтік оқыту әдістерін кеңінен қолданып, оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Марал Шалхарқызы оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттырып, олардың еркін сөйлеу қабілетін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Айжан Жанатқызы Әлиева – физика пәнінің мұғалімі. Ол сынып жетекшілігі қызметін қатар атқара отырып, оқушылардың білім сапасын арттыруға және олардың жан-жақты дамуына үлес қосып келеді. Тәлімгерінің қолдауымен сабақ әзірлеу және сынып жетекшілігі жұмысын жүйелі жүргізуді меңгерді.
Жас ұстаздар тек сабақ берумен шектелмей, мектептің қоғамдық өміріне де белсене араласып, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралардың ұйымдастырылуына атсалысады. Олардың бастамашылдығы мен белсенділігі білім ордасының дамуына оң ықпал етуде.
Қорыта айтсақ, жас мамандар – мектептің болашағы әрі білім сапасын арттырудың басты тірегі. Олардың ізденісі мен табандылығы алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетелейді деген сенім мол.
Жыл сайын № 5 жалпы орта білім беру мектебіне жаңа буын – жас мамандар келіп қосылып, педагогтар қатары толыға түсуде. Жұмысқа бейімдеу үшін жас мамандарға міндетті түрде 5 жылға тәлімгер бекітіледі. Бұл – мектеп ұжымының кәсіби әлеуетін арттырып, білім сапасының жақсаруына оң ықпал ететін маңызды үрдіс. Әсіресе жас мамандардың білімге құштарлығы, жаңашылдыққа ұмтылысы мен шығармашылық ізденісі оқу-тәрбие жұмысына тың серпін беруде.
Мектепте жүйелі түрде жұмыс істейтін «Жас мамандар» клубы – жас ұстаздардың кәсіби дамуына бағытталған маңызды алаң.
Клуб қызметінің негізгі бағыттарына мыналар жатады: тәлімгерлік жүйені ұйымдастыру; ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізу; педагогикалық тренингтер мен коучингтер ұйымдастыру; кәсіби қиындықтарды талқылау және шешу жолдарын қарастыру; инновациялық технологияларды тәжірибеге енгізу. Клуб аясында тәжірибе алмасу, әдістемелік көмек көрсету, тәлімгерлік жұмыстармен қатар «Дарынды оқушыларды анықтау, оқыту және дамыту» атты дидактикалық құрал әзірленді. Соның нәтижесінде жас мамандар өз іс-тәжірибесін шыңдап, педагогикалық шеберліктерін жетілдіруде.
Оқушылардың жетістігі ұстаз еңбегінің жемісі екені белгілі. Бұл ретте жас мамандардың табандылығы мен жауапкершілігі айрықша атап өтуге тұрарлық. Олар – жыл сайын ұйымдастырылатын қалалық,облыстық «Педагогикалық дуэт», «Жыл сыныбы», «Үздік сынып жетекші», «Білікті жас маман» сынды сайыстардың жүлдегерлері.
Павлодар қаласында жас және бастамашыл педагогтарды біріктірген, кәсіби өсу мен тәжірибе алмасуға бағытталған VI «Жас ұстаз – табысқа апарар жол» форумы өткен болатын. Екібастұз қаласының намысын қорғаған №5 ЖОББМ жас педагогтары «Әсер қалдыру өнері» тақырыбында цифрлық технологиялар бойынша шеберлік сыныбын ұсынды. Форум қорытындысында Г.К.Расқұлова, М.С.Слямғали, Болатхан Жанай, Г.А.Өмірбаева дипломдар мен сертификаттарға ие болып, олардың кәсібилігі мен білім беру саласына қосқан үлесі лайықты бағаланды. Әдістемелік сүйемелдеуді мектеп басшысының әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Айнагүл Ерен жүзеге асырды.
Ағымдағы жылы мектепте жас мамандар мен тәлімгерлердің бірлескен жұмыстарын көрсетуді мақсат тұтқан педагогикалық кеңес өткізілді. Бұл педагогикалық кеңесте тәлімгер мен жас мамандар арасында жыл бойы жүргізілген жұмыстардың тиімділігі айқын көрінді.
Ж.ЖАПАРОВА






