Екібастұзда жол қозғалысы ережелерін сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қалада көлік жүргізушілерге қатысты профилактикалық шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы 7 сәуір күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы патрульдік қызметін ұйымдастыру тобының инспекторы Шыңғыс Сәметов пен жол-техникалық инспекциясы тобының аға мемлекеттік көлік инспекторы Ахат Оспанов баяндады.
Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелерін сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалада апта сайын профилактикалық шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері тіркелген жол-көлік оқиғаларының саны – 50. Өкінішке қарай, оның салдарынан 4 адам қаза тауып, 84 адам түрлі дене жарақатын алған. Қазіргі таңда арнайы жедел рейдтер жүргізілмегенімен, жоспарлы жұмыстар үздіксіз жалғасуда.
Сонымен қатар, спикер өткен жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Енді скутерлер жол қозғалысына қатысушы ретінде ресми түрде танылып, оларды басқару үшін 16 жастан бастап А1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Аталған санат қозғалтқыш көлемі 49 текше сантиметрге дейінгі көлік құралдарын басқаруға мүмкіндік береді.
– Қазіргі уақытта самокаттарға да қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жаз мезгілінде оларды көбіне оқушылар пайдаланады. Алайда самокатпен жол бойында жүруге болмайды. Оларды арнайы бөлінген орындарда, аулалар мен саябақтарда пайдаланған дұрыс. Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деді Шыңғыс Сәметов.
Сондай-ақ, ол көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау және балаларға арналған арнайы креслолардың болмауы әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Биылғы таңда халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы қос дөңгелекті 160 көлік ресми тіркеуден өткен.
Жылдамдықты шамадан тыс асыру және жол ережелерін сақтамау апаттық жағдайларға жиі себеп болуда. Мәселен, өткен жылы арнайы қорғаныс бас киімінсіз скутер басқарған жүргізушінің жол-көлік оқиғасына ұшырап, бас жарақатын алу фактісі тіркелген.
Бейнебақылау жүйесіне келер болсақ, бүгінде қаладағы 74 бейнекамера толықтай жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін Әуезов, Бөркімбаев, Энергетиктер және Қонаев көшелеріне жылдамдықты анықтайтын қосымша камералар орнату жоспарланған.
Өз кезегінде Ахат Оспанов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа техникалық мүмкіндіктер енгізіліп жатқанын жеткізді.
– Қазіргі таңда Мәшһүр Жүсіп көшесінде жол қозғалысын автоматты түрде бақылайтын аппараттық-бағдарламалық кешен іске қосылды. Бұл жүйе көліктердің жылдамдығын, белгіленген сызықтан өтуін және бағдаршамнан өту тәртібін автоматты түрде анықтайды. Сонымен қатар, жедел басқару орталығында инспекторлар жүргізушінің телефон қолдануын, қауіпсіздік белдігін тақпағанын немесе баланың арнайы креслосыз отырғанын бірден анықтай алады, – деді ол.
Жалпы, тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Ділназ Серікбай




