Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік қолдаулар жыл сайын кеңейіп келеді. Солардың бірі – санаторийлік-курорттық емдеу, яғни, денсаулықты қалпына келтіруге арналған нақты әрі тиімді көмек. Бұл қызмет Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған мүмкіндік, ең алдымен, мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлерге арналған.
Шипажайға жолдама алу үшін азаматтың жеке оңалту және абилитация бағдарламасы (ЖОБ) болуы міндетті. Себебі санаторийге бару – жай ғана демалыс емес, медициналық оңалтудың маңызды кезеңі. Мемлекет бұл қызметті жылына бір рет, 14 күнге дейін тегін ұсынады.
Қазіргі таңда жолдама алу процесі толықтай цифрландырылған. Азаматтар өтінімді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы онлайн тәртіпте бере алады, ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Жүйе өтінімді тіркегеннен кейін азамат кезекке қойылады, ал жолдама берілетін уақыттан 10 күн бұрын жеке кабинетіне арнайы хабарлама жолданады.
Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева портал арқылы еліміздің кез келген өңіріндегі шипажайды таңдауға мүмкіндік барын атап өтті. Яғни, азаматтар Бурабай, Шымкент, Алматы немесе Мойылды сынды емдік орындарды таңдай алады.
Зейнеткерлер үшін жолдама алу тәртібінде бірқатар ерекшелік қарастырылған. Олар алдымен өз емханасындағы учаскелік дәрігерге қаралып, тиісті медициналық құжаттарды рәсімдеуі тиіс. Дәрігер толық тексеруден кейін ғана жолдамаға рұқсат береді, өйткені кейбір ауру түрлеріне шипажай емі қайшы келуі мүмкін.
Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін шипажайға сүйемелдеушімен бару мүмкіндігі де қарастырылған. Әсіресе бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар мен балалар үшін бұл аса маңызды. Мемлекет мүгедектігі бар баланы сүйемелдеуші шығынының 70 пайызын өтейді. Мысалы, Екібастұз өңірінде баланың сүйемелдеушісіне 20 АЕК (86 500 теңге), ал ересек адамды алып жүрушіге 50 АЕК (216 250 теңге) көлемінде көмек көрсетіледі.
Жыл басынан бері Екібастұз өңірінде 55 адам шипажай қызметін пайдаланып үлгерген. Дегенмен сұраныс әлі де жоғары: қазіргі таңда 300-ден астам адам өз кезегін күтуде. Әсіресе «Черноярская жемчужина» мен «Ардагерлер үйі» сияқты орталықтарға баруға ниет білдірушілер көп. Кезек облыстық деңгейде реттеліп, әрбір өтінім мұқият қаралады.
Шипажайға барып келген тұрғындардың пікірлері де бұл қызметтің тиімділігін дәлелдейді. Мәселен, биыл Сарыағаштағы «Көктерек» шипажайында демалып қайтқан Гүлнұр Хамзина жыл сайын жолдама арқылы барып, денсаулығын жақсартып келетінін айтады.
– Шипажайдың тамағы дәмді, медициналық қызметі жоғары деңгейде. Әсіресе біз сияқты арбаға таңылған жандар үшін барлық жағдай жасалған. Кедергісіз қозғалып, еш қиындықсыз ем алдық. Мемлекеттің қамқорлығына мың алғыс, – дейді ол.
Ал 67 жастағы Нұрила Балғузинова жұбайы Жұмабаймен бірге наурыз айында «Черноярская жемчужина» демалыс орнында демалып қайтқан. Оның айтуынша, демалыс алғашқы күннен-ақ жағымды әсер қалдырған:
– Бізді өте жылы қарсы алды, алғашқы күннен-ақ жақсы әсер алдық. Күніне бірнеше мезгіл тамақ беріліп, ас мәзірі әр түрлі әрі дәмді болды, ал ем-шаралар жүйелі әрі тиімді ұйымдастырылған. Қолмен жасалатын массаж, панты ванналары мен магниттік терапия денсаулығымызға оң әсер етті. Дәрігерлер кез келген уақытта қабылдап, кеңес беріп отырды. Бос уақытымызда кітапханадан сирек туындыларды оқып, шахмат ойнап, жаңа достар таптық. Өткен жылы аяғыма операция жасалған соң, бірінші қабаттан орын сұраған едім, өтінішім бірден ескерілді. Қамқорлыққа толы мұндай демалыс қарт адамдар үшін нағыз сый екен.
Жалпы, шипажайларда тек ем алып қана қоймай, бос уақытты тиімді өткізу үшін де барлық жағдай жасалған. Демалушылар концерттерге қатысып, спортпен айналысып, кітап оқып, таза ауада серуендей алады. Бұл өз кезегінде адамның көңіл күйін көтеріп, сауығу процесін жеделдетеді.
Ділназ Серікбай



