7 сәуір күні қаламыздағы «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында балабақша бүлдіршіндері арасында «BABY SKILLS» байқауы өтті. Іс-шара ИнЕУ жоғары Екібастұз колледжі мен №23 мектепке дейінгі гимназияның ұйымдастыруымен өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың бойында еңбекқорлық, шығармашылық қабілет, дәлдік пен өзара қарым-қатынас дағдыларын дамыту. №23 мектепке дейінгі гимназияның әдіскері Үміт Дәуітқызының айтуынша, «Baby Skills» жобасы 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
– Байқау балалар бойында кәсіп туралы идея ерте қалыптастырып, олардың білімін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл шара шығармашылық қабілеттерін дамытуға, заманауи технологиялармен таныстыруға, еңбекқорлыққа баулуға және болашақ кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, – деді ол.
Осы жолғы байқау ғарыш тақырыбында өтті. Қатысушылардың киімі де ерекше болды: біреуі зымыранға ұқсас костюм киіп, ал бірі түрлі планеталар мен ғарыш әлемін бейнелейтін түстер мен үлгілермен безендірілген. Мұндай көрініс балалардың шығармашылық қиялын арттыра отырып, шараға ерекше сән берді.
Байқау бес кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Сәнді киім дизайнері». Балалар қағаздан жасалған адам бейнесіне өз қалауынша киімдер әшекейлеп, мерекелік ұлттық сәнді киімнің дизайнын жасады.
Екінші кезеңде интерактивті тақта арқылы «Кім тапқыр?» интеллектуалды-цифрлық викторинасы өтті. Бұл кезең балалардың логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттерін және реакциясын дамытуға бағытталды.
Үшінші кезең – «Жас суретші» шығармашылық цифрлық сайыс форматында өтті. Балалар планшет пен арнайы қолданбалар арқылы «Мен өскенде кім боламын?» тақырыбында сурет салды. №12 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Әлия Бахитова болашақта тележурналист болғысы келетінін білдірсе, №23 мектепке дейінгі гимназия тәрбиеленушісі Камила Жанатова дәрігер мамандығын армандайтынын айтып, өз суреттерін әдемі баяндап шықты.
Төртінші кезең – «Зейін сынағы». Балалар ұқсастық пен айырмашылықты тауып, ойлау және есте сақтау қабілеттерін жетілдірді. Соңғы кезең – «QR-квест. Қазына іздеу». Музыка залында жасырылған QR-кодтарды тауып, әр кодтағы жұмбақ немесе тапсырманы орындау арқылы балалар білімдерін ойын түрінде көрсетті. Шара барысында «Балауса» тобының «Ғарышкерлер» биі көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Байқау қорытындысында бас жүлдені №23 мектепке дейінгі гимназияның тәрбиеленушісі Камила Жанатова жеңіп алды. Бірінші орынды №12 сәбилер бақшасының бүлдіршіні Әлия Бахитова, екінші орынды №14 сәбилер бақшасынан Дінмұхаммед Қайырбек, ал үшінші орынды №26 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Исмаил Жұматай иеленді.
Көрермендердің ерекше ықыласына №27 сәбилер бақшасының тәрбиеленушісі Ружана Мухитдинова ие болды. Сонымен қатар, мынадай номинациялар берілді: «Ең тапқыр бала» – №5 сәбилер бақшасынан Алдияр Белгібаев, «Ең өнертапқыш бала» – №28 сәбилер бақшасынан Жанаргүл Ерлік. Жеңімпаздар кубоктар, дипломдар және сыйлықтармен марапатталды.
Ділназ Серікбай






